"Қайрат" тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды
Фото: fckairat
Алматының "Қайраты" сырт алаңда өткен шешуші матчта Братиславаның "Слованын" пенальти сериясында жеңіп, клуб тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматының "Қайраты" сырт алаңда Братиславаның "Слованын" жеңіп, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінің үшінші айналымынан плей-оффқа өтті. Қарымта кездесу "Народны" стадионында өтіп, негізгі және қосымша уақыттан кейін есеп өзгермеді, ал жеңімпазды пенальти сериясы анықтады. Нәтижесінде қазақстандық клуб 4:3 есебімен басым түсті.
Ойын басында алаң иелері белсенділік танытты, бірақ есеп ашу мүмкіндігі алдымен қонақтарға тиді — Жоржиньоның соққысы қақпа маңдайшасына тиді. 30-минутта Роберт Мак қарсыластың қателігін пайдаланып, есеп ашты. Кездесу қарқынды өтіп, екі команда да шабуылға жиі шықты. Тартысты сәттер көп болып, төреші ойыншыларға бірнеше сары қағаз көрсетті — "Слован" сегіз, "Қайрат" төрт ескерту алды. Бірінші таймда алматылықтар қорғаушысы Луиш Мата жарақат алып, екінші таймда алаңнан кетті.
Екінші кезеңде "Қайрат" шабуылын күшейтті, бірақ алаң иелері қауіпті қарымта шабуыл ұйымдастырып, Мактың соққысы бағаннан кері қайтты. Екі матчтың қорытындысы 1:1 болып, ойын қосымша уақытқа созылды. Экстра-таймда гол соғылған жоқ, алайда "Қайрат" тағы бір ойыншысынан айырылды, жарақат алған Георги Зария ауыстырылды.
Пенальти сериясында қазақстандық клубтың ойыншылары мықтылық танытты. Соңғы соққыны Жоржиньо дәл орындап, "Қайратты" келесі кезеңге шығарды. Бұл — клуб тарихындағы алғашқы пенальти сериясындағы жеңіс.
Плей-офф кезеңінде алматылықтар Шотландияның "Селтик" клубымен кездеседі. Бірінші ойын 20 тамызда Глазгода, ал қарымта матч 26 тамызда Алматыда өтеді.
Слован (Братислава, Словакия) — Қайрат (Алматы, Қазақстан) — 1:0 (1:0), қос. уақ. 1:0, пен. 3:4
Гол: Мак, 30 (1:0)
Пенальти: Толич — 1:0, Громыко — сала алмады, Покорны — 2:0, Мартынович — 2:1, Кухаревич — 3:1, Рикардиньо — 3:2, Мустафич — сала алмады, Сорокин — 3:3, Барсегян — сала алмады, Жоржиньо — 3:4
Бірінші ойын — 0:1.

Джей Ло концертінде жұмыс істеген кәмелетке толмаған волонтерлер ұйымдастырушыларға шағымданды
