"Қайрат" словениялық қорғаушыны 1,2 миллион еуро төлеп қатарына қоспақ
Фото: “Қайрат” футбол клубы
Ресейдің "Пари НН" клубының орталық қорғаушысы Свен Карич Қазақстан чемпионатында карьерасын жалғастыруы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, 27 жастағы словениялық футболшы "Қайраттың" назарында. Алматылық клуб оны қорғанысты күшейтетін және команда көшбасшысы, ресейлік қорғаушы Егор Сорокиннің орнын басатын ойыншы ретінде қарастырып отыр. Сорокиннің "Қайратпен" келісімшарты осы жылдың желтоқсан айында аяқталады.
Карич 2024 жылдан бері Ресейдің "Пари НН" клубында ойнап келеді. Оның келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін жасалған. Футболшының трансферлік құны 1,2 миллион еуро деп бағалануда. Сондай-ақ ол Словения құрамасы сапында екі ойын өткізген.
Свен Карич Словенияның "Марибор" клубының түлегі. 2017 жылдың басында ол Англияның "Дерби Каунти" клубымен келісімшартқа отырып, жастар және қосалқы құрамдарда ойнаған. 2019 жылы жалға алу негізінде "Брейнтри Таун" командасында өнер көрсетті. Кейін Словенияға оралып, "Домжале" және "Марибор" клубтарында ойнады. Бұл екі команда сапында барлық турнирде 12 гол соғып, 11 нәтижелі пас берген.
Алматылық клуб жаңа маусымды екі жеңіліспен бастады:
• сырт алаңда "Спортингтен" 1:4 есебімен,
• өз алаңында "Реалдан" 0:5 есебімен ұтылды.
"Қайраттың" келесі кездесулері келесідей өтеді:
• 21 қазан: "Қайрат" – "Пафос" (21:45)
• 6 қараша: "Интер" – "Қайрат" (01:00)
• 26 қараша: "Копенгаген" – "Қайрат" (22:45)
• 9 желтоқсан: "Қайрат" – "Олимпиакос" (20:30)
• 20 қаңтар: "Қайрат" – "Брюгге" (20:30)
• 29 қаңтар: "Арсенал" – "Қайрат" (01:00).

"Арнайы тізім жасалуда": Президент тапсырмасынан соң Қазақстанда кімдердің жәрдемақысы қысқартылады
