“Қайрат” – “Реал” матчына кіре алмағандардың шағымынан соң полиция тергеуді бастады

Фото: CBS
Алматыда өткен Чемпиондар лигасы аясындағы "Қайрат" пен "Реал Мадрид" матчына билет сатып алғанымен, стадионға кіре алмаған жанкүйерлердің шағымы бойынша тексеріс басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлының айтуынша, қазір тергеу жүріп жатыр.
“Тергеу жұмыстарын Алматы полиция департаменті жүргізіп жатыр. Біз олармен ынтымақтаса жұмыс істеп жатырмыз. Тергеу нәтижесін полицейлер кейінірек хабарлайды", – деді спорт басқармасының басшысы.
Оның айтуынша, кейбір билеттер шынымен расталмаған, яғни олардың иелері матчқа қатыса алмаған.
"Ticketon-нан алынған 207 билет жарамсыз болып шықты, оның 75 билеті қайтарылды. Қалғандары өтініш бойынша қайтарылады. Бірақ Ticketon делдалдардан сатып алған билеттерді қайтармайды”, – деді Дархан Нұрханұлы.
Еске салайық, бұған дейін жанкүйерлер “Қайрат” – “Реал” матчына билет сатып алып, ойынға кіре алмағанын айтып, наразылық білдірген еді. Желі қолданушылары әділетсіздіктің құрбаны болғанын айтып, сондай-ақ тәртіп сақшыларының жұмысын сынап тастады.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік

