Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайрат" – "Реал Мадрид" матчы: Полиция билет сатып алғанда сақ болуға шақырды

билеттер қайратФото: Видеодан скрин

Алматыда өтетін халықаралық футбол матчы қарсаңында полиция азаматтарды билет сатып алу кезінде алаяқтықтан сақ болуға үндеп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полиция мәліметінше, ірі спорттық және мәдени шаралар кезінде интернет арқылы жалған билеттерді сатуға әрекет ететіндер көбейеді. Осыған байланысты Алматы полиция департаменті ең жиі кездесетін алаяқтық тәсілдерді түсіндіретін әлеуметтік бейнеролик дайындаған.

"Қала тұрғындары мен қонақтарына ескертеміз. Алдағы матчқа қызығушылықтың артуымен қатар, алаяқтық тәуекелі де жоғарылайды. Ешқашан билетті қолдан немесе тексерілмеген интернет платформалардан сатып алмаңыз. Күмән туындаған жағдайда ресми дистрибьютор кассасына жүгініңіз. Бұл өзіңізді және қаражатыңызды қорғаудың ең тиімді жолы. Біздің мақсатымыз киберқылмыстарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу үшін жасалып отыр", – деді Алматы полициясы киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы Анес Қалдыбаев.

Полиция билеттерді тек ресми кассалар мен лицензиясы бар таратушылардан сатып алуды ұсынады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде алдын ала төлемді талап ететін күмәнді ұсыныстарға сенбеу керек.

Күмәнді хабарландыру немесе алаяқтық жағдайы анықталса, бірден "102" нөміріне хабарласу қажет.


Өтетін күні белгіленбеген "Қайрат – Реал Мадрид" ойынына билеттер сатылып жатыр: Ең арзаны 236 мыңнан басталып, 2 млн теңгеден асады


Макс Корждың Алматыдағы концерті "Қайраттың" матчтарына байланысты өтпейтін болды


Еске салайық, бұған дейін "Қайрат" құрамасы "Реалмен" болатын ойынның билеттерін сатып жатқандарға сенбеуге шақырды. Клуб өкілдері билеттерді брондау немесе сату туралы тараған хабарландырулардың жалған екенін хабарлады. Олар билетке қатысты жалғыз ресми дереккөздердің клубтың ресми сайты мен “Қайрат” ФК-ның әлеуметтік желідегі ресми парақшалары екенін айтты. Қазір билеттердің сатылымға шығу күні мен бағасы бекітілмеген. Клуб жанкүйерлерден бөгде хабарландыруларға сенбеулерін және билетті бейресми арналар арқылы сатып алмауларын қатаң сұрап отыр.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 03 Қыркүйек, 2025 16:01
Талқылау