"Қайрат" пен "Реал Мадрид" матчынан кейін Алматыда автобустар жанкүйерлерді тегін тасымалдайды

Фото: Алматы әкімдігі
30 қыркүйек күні көптен күткен “Қайрат” – “Реал Мадрид” ойынынан кейін Алматы әкімдігі ұйымдастырған 60 автобус жанкүйерлерді тасымалдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы әкімдігі Орталық стадион испаниялық команданы қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Алаң халықаралық стандарттарға сай, жарық беру жүйесі мен инфрақұрылым тексерілді. Төрешілер мен ойыншыларға барлық жағдай жасалған. Киім ауыстыратын бөлмелер жабдықталып, спортшылардың жайлылығы үшін қажеттіліктер қамтамасыз етілген.
“Стадионның ішкі безендірілуіне ерекше көңіл бөлінді: трибуналар жаңартылды, стадион сәулетіне сай жаңа көркем суреттер жасалды. Көрермендерге ыңғайлы болуы үшін 1,5 мыңнан астам орындық ауыстырылды, санитарлық тораптар жаңартылып, қосымша 60 биодәретхана орнатылды”, – делінген хабарламада.
Матч аяқталған соң жанкүйерлердің үйлеріне жайлы жетуі үшін 60 автобус ұйымдастырылады. Олар Абай, Сәтбаев және Байтұрсынұлы көшелерімен жүріп, алты бағытта қатынайды:
-
Орталық стадион – "Алматы Арена" – батыс бағыты;
-
Орталық стадион – Райымбек/Алатау – батыс бағыты;
-
Орталық стадион – Алматы-1 теміржол вокзалы;
-
Орталық стадион – "Орбита" шағын ауданы;
-
Орталық стадион – "Жұлдыз" шағын ауданы – шығыс бағыты;
-
Орталық стадион – әуежай – шығыс бағыты.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін матч кезінде Алматы қалалық полиция департаментінің 2382 қызметкері жұмылады.
Сондай-ақ әкімдіктің дерегінше, қала метросының жұмысы түнгі сағат 01:00-ге дейін ұзартылды. “Байқоңыр” және “М.Әуезов атындағы театр” бекеттерінде матч өткізу кезінде жолаушыларды қауіпсіз тасымалдау және сапалы қызмет көрсету үшін қызметкерлер саны күшейтіледі.
"9 жаста етеккірі келіп, мастурбация жасайды": Қазақстандық ата-аналар балаларындағы ерте жыныстық жетілу белгілеріне алаңдаушылық білдірді