"Қайрат" бапкері: "Реалдың" да әлсіз тұстары бар, біз жеңілу үшін шықпаймыз"
Фото: fckairat.com
Алматылық "Қайраттың" бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының екінші турындағы мадридтік "Реалға" қарсы ойын алдында пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кездесу 30 қыркүйек күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Ойын жергілікті уақытпен 21:45-те басталады.
Бас бапкердің айтуынша, бұл кездесу Қазақстан футболы үшін ерекше маңызға ие.
"Бұл тек біздің клуб үшін ғана емес, бүкіл ел үшін тарихи ойын. "Реал Мадрид" секілді алып клубтың Қазақстанға келгеніне қуаныштымыз. Мұндай қарсыласқа қарсы ойнау — үлкен тәжірибе әрі нағыз футбол мерекесі", — деді Уразбахтин.
Сонымен қатар ол қарсылас командаға жасалған талдау барысында аз да болса әлсіз тұстарын байқағанын жасырмады.
"Біз "Реалдың" соңғы бірнеше ойынын көрдік. Әрине, олардың кемшілігі көп емес, бірақ кез келген клубта аз да болса әлсіз жақтар болады. Сол тұстарды қалай пайдалану — біздің міндетіміз. Ең бастысы, біз қорықпай, батыл ойнап, жанкүйерлердің алдында өз ойынымызды көрсетуге тырысамыз. Алдын ала жеңілдім деп шықпаймыз", — деді бапкер.
Айта кетейік, алдыңғы турда "Реал" сырт алаңда мадридтік "Атлетикодан" 2:5 есебімен ұтылып, маусымдағы алғашқы жеңілісін тіркеген болатын.

"Қылмыстық істен айналып өтетін жолды тапқан": 50-ге жуық қазақстандық белгілі блогерден ақшаларын қайтара алмай жүр
