"Қайыршыларға ұқсайды": Еркебұлан Тоқтар су тасқынынан зардап шеккендерге ақша жинауға қарсы шықты
Танымал актер, спортшы Еркебұлан Тоқтар халықтан ақша жинағанды тоқтатуды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/erkebulan_toktar/
Кино маманының айтуынша, жиналған ақша жеке адамдардың қалтасына да кетіп қалатын көрінеді.
“Хабарлама көп келіп жатыр. Мен сендерге МСЧ-тің бастығы емеспін. Сендердің төлеген салықтарыңнан жалақы да алып отырған жоқпын. Өзіммен өзім жүрген адаммын. Отыр ғой адамдары, солар істесін жұмыс. Олардың жұмысына араласа алмаймын. Ақыл айта алмаймын. Себебі маманы емеспін. Блогерлердің басын қос деп ақыл айтпай-ақ қойыңдар. Ақыл айтатындар мен басын қосатындар билікте отыр. Соларға айтыңдар. Уайымдап жүргенім рас. Бірақ парақшама түрлі видео жүктегеннен пайда жоқ. Елімнің амандығын дұғама қосып жатырмын”, – деп жазды актер.
-
"Ес білгелі ақша жинап жатырмыз": Еркебұлан Дайыров еліміздегі тосын оқиғаларға билікті кінәлады
-
"Жолдасым қарсы болып отыр": Ерке Есмахан су басқан өңірлерге көмек беруге қатысты пікір білдірді
Сонымен қатар өнер иесі халықтан ақша жинайтындарды да сынады.
“Бірдеңе болса, ақша жинағанды қою керек. Қайыршылар ұқсап, болатынға да, болмайтынға да жинап беруді тоқтатайықшы. Ақшалай көмек бергеннің неше түрлісін көрдік. Жинап бергенмен, жеке адамдардың қалталарына кетіп қалып жатады. Көмекке деп жинаған ақшаңды жеп кетеді. Жай жүрген адамның өзі, осындай сәтте “жеп қалсам, алып қалсам” деген оймен жүреді”, – деп күйінді өнер иесі.
Айта кетейік, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан үйлерi зақымданған қазақстандықтарға көмек көрсету үшiн мемлекет бюджетінен қаражат бөлінгенін жариялаған еді.
Сонымен қатар, Абай облысы Аягөз ауданындағы Қарағаш ауылы іргесіндегі Борлы өзенінде 26 наурызда су тасқыны ағызып әкеткен екі адам әлі табылмай жатыр.