Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайыңды жолындағы жол апаты: Көлікте шетелдік туристер болған

Қайыңды көліне бара жатқан жолда оқыс оқиға салдарынан төрт шетелдік турист зардап шекті. Ақпаратты Алматы облысы Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Facebook Диас Нұрақын

"Апаттан екі ресейлік және екі Үндістаннан келген турист зардап шекті. Олардың жағдайы қалыпты. Жеңіл жарақат алды. Оқиғадан кейін бірден жедел жәрдем көлігімен Жалаңаш ауылындағы ауруханаға жеткізі лді. Олар тексеріліп, көмек көрсетілді", - деді Теңізбаев.

Белгілі болғандай, 1986 жылы туған әйел оқиға орнында көз жұмды.

"Екі автобус соқтығысты. Бір автобуста 10 адам, екіншісінде 23 адам болды. Көбіне шағын автобуста болғандар зардап шекті", - деді Кеген ауданының әкімі.

Сондай-ақ әкім Көлсай мен Қайыңды көлдеріне жыл сайын 200 мыңға жуық турист келетініне қарамастан, Қайыңдыға апаратын жолдың сапасы өте төмен екенін мойындады. Ол Көлсай мен Қайыңдыдағы инфрақұрылымды қалпына келтіруге уәде берді.

"Ескі УАЗ, автобустарды электромобильдерге, заманауи көліктерге ауыстыру керек. Ол жердің жолы нашар, жақын арада жөнделеді, 12 шақырымға асфальт төсейміз. Тәртіпті қалпына келтіреміз. Әрине, біраз уақыт қажет болады", - деп уәде берді Кеген ауданының әкімі.

Алматы облысы әкімдігінің хабарлауынша, 5 қазан күні Кеген ауданы Саты ауылдық округінде Қайыңды-Сәті таулы жолының 9-шы шақырымында 47 жастағы автобус жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, жол қозғалысын бұзған. УАЗ көлігімен соқтығысқан.

Фото: Facebook Диас Нұрақын

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан 36 жастағы жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Зардап шеккендердің арасында 20 әйел және 14 ер адам бар. Зардап шеккендердің барлығына толық алгоритм бойынша жедел медициналық көмек көрсетілді. 13 жедел жәрдем көлігі келді. Оқиға орнына ТМҚК 1 бригадасы (28 қызметкер және 14 бірлік жедел жәрдем көлігі) жіберілді", - деп хабарлады әкімдікте.

Қазіргі таңда Кеген аудандық ауруханасында 1 науқас, Шелек ауылындағы аудандық ауруханада 2, Алматыдағы көпсалалы клиникалық ауруханада 9 науқас жатыр. Науқастардың жағдайы орташа ауыр.

"Бұл дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық фактісі бойынша Кеген аудандық полиция бөлімшесіне тіркеліп, қазіргі уақытта күдіктіге қатысты қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Осы жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын объективті тексеруге бағытталған сараптамалар жүргізілді. Автобус жүргізушісі Кеген ауданындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл мәселе Алматы облысы әкімінің бақылауында", - деп толықтырды әкімдік.

Талқылау