Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайғылы оқиғаларға кінәлілер жеңіл жазамен құтылмауы керек – Сенатор

Қарағанды облысының Костенко шахтасындағы апатқа кінәлілер жеңіл жазамен құтылмауы керек. Осылай деп мәлімдеген сенатор Сергей Ершов өнеркәсіп қауіпсіздігіндегі мәселелерді көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сергей Ершов "Арселор Миттал Теміртауда" апаттар жиі болатынын еске салып, үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, қайғылы оқиғаның негізгі себебі – жабдықтардың тозуы.

"Арселор Миттал Теміртау" компаниясы жұмыс істеген жылдары көмір қабаттарын алдын ала газсыздандыру бойынша жұмысты тиісті деңгейде жүргізбей келген. Қайғылы оқиғалардың орын алуының басты себебі осында. Өткен ғасырда шығарылған құрал-жабдықтар әлі де қолданылып жатыр. Тозған жабдық жұмысшылардың өміріне және денсаулығына қауіп төндіретіні анық. Қазір көптеген кәсіпорынның иелері ақша үнемдеу мақсатында бақылаушы органдар талап ететін өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізумен ғана шектеледі”, – деді Сергей Ершов.

Депутат атап өткендей, бүгінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органға қауіпті өндірістік объектілерді жаңарту мен техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын келісу, сондай-ақ кәсіпорындардың оны уақтылы орындау жөніндегі міндетін бекіту функциясын беру керек.

Сондай-ақ сенатор Костенко шахтасындағы апатқа байланысты тергеудің әділ жүргізілуін талап етті. Кінәлі тұлғалар жазаға тартылуы тиіс деп санайды.  

“Қазір қоғамда аталған трагедияға кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе әділ көтеріліп отыр. Бүгінгі тәжірибе көрсеткендей, қаупі жоғары салаларға мемлекет тарапынан қатаң бақылау қажет. Осындай қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар жеңіл жазамен құтылып кетпеуі керек. Қылмыстық заңнама нормалары өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралының біріне айналуға тиіс”, – деді сенатор.

Сондай-ақ ол үкімет басшысынан "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-ын мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қайтадан қарастыруды сұрады.

Еске салайық, апаттан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметіне "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-мен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырған еді. Қарағанды ​​облысында кеншілердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ меншігін Қазақстанның пайдасына беру жөніндегі мәміле қазірдің өзінде аяқталып жатқанын мәлімдеген

Айта кетейік, бұған дейін егер Лакшми Миттал кінәлі деп танылса, құқық қорғау органдары оны жауапқа тартуға құқылы екені айтылған.

Қазақстанда Лакшми Митталды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталды.

31-қазанда Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің соңғысының денесі табылғанын мәлімдеді.

Талқылау