"Қауіпті табиғи құбылыстар көбейеді": Ғалымдар климаттың өзгеруіне байланысты дабыл қақты
Әлемде су басу деректері көбейген. Сарапшылар климаттың өзгеруіне байланысты табиғи құбылыстардың көбейетінін ескертеді. Келешекте мұндай келеңсіздіктер экономика мен инфрақұрылымның дамуына кедергі келтіруі мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
Қазір Америкада дүкен сөрелері бос қалған. Ал қоймаларда қажетті тауарлардың 15% жоқ. Азық-түлік тапшылығы АҚШ-тың барлық аумағында байқалған. Сонымен қатар пандемия басталғалы елде жұмыс күші де жеткіліксіз. Аталмыш мәселелерге ауа райының бұзылуы мен "омикрон" штамы да келіп қосылды. Қазір Америкада тәулігіне миллионнан аса ауру жұқтыру дерегі тіркеледі. Сондықтан компаниялар уақытша жұмысын тоқтатқан.
"Компаниялар соңғы екі аптада вирус жұқтырған қызметкерлер саны 2020 жылы вирус жұқтырғандардан көп дейді. Сондықтан кәсіпорындар өндірісті тоқтатуға мәжбүр. Бұдан бөлек тауарларға деген сұраныс артқан. Біздің есебіміз бойынша, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен 11%-ға көп", – дейді Тұтынушылар қауымдастығының президенті Джефф Фриман.
Биыл климаттың өзгеруі мен коронавирус пандемиясы әлемдік экономика үшін негізгі қатер болмақ. Дүниежүзілік экономикалық форумда сарапшылар климаттың өзгеруі алдағы 10 жылда айтарлықтай мәселе тудыруы мүмкін екенін айтты.
"Біздің планетамыз оттың ішінде тұр деуге болады. Негізгі екі мәселе айқын. Біріншісі – мемлекеттер Глазгода өткен 26-шы климаттық конференциядағы келісімді сақтамауы мүмкін. Екіншісі – температураның көтерілуі. Құрғақшылық, су басу, орман өрті. Мұнда бейімделу шаралары аса маңызды", – деді Дүниежүзілік экономикалық форумының президенті Берге Бренде.
Әлем топан су алдында
Су басу барлық құрлықта орын алуда. Америкада су Флорида, Техас, Кентукки штаттарын басып қалды, ал Африкада су басудан 10 адам мерт болды. Жүздеген адам үйсіз қалды. Францияда екі күнде жауынның бір айлық нормасы жауған. Жауын салдарынан Түркияның Мугла провинциясын да су басқан еді.
Бразилияның Минас-Жейрас штатында толассыз жауған жаңбырдан бөгет бұзылуы мүмкін. Синоптиктер аймақта жауынның тағы бір апта жауатынын айтады.
"Бөгет бұзылуы мүмкін. Қаламыз суға кетеді. Көшуге дайындалудан басқа амал қалмады", – дейді жергілікті тұрғын.
Аргентина астанасы аптап ыстық салдарынан жарықсыз қалды. Электр желілері қуатты көтере алмаған. Қазір Буэнос-Айресте температура 40 градустан түспейді. Кей жерлерде 45 градусқа дейін жетеді.
Сонымен қатар ғалымдар арктикалық инфрақұрылымға қауіп төніп тұрғанын ескертті. Бұған канадалық автомагистралі, құбыр жүйесі мен Ресейдің Якутск, Воркута, Норильск сынды қалалары жатады. Инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін миллиардтаған доллар қаржы қажет.
Айта кетейік, 2021 жылы Еуропаны топан су басып, ондаған адам көз жұмған болатын. Із-түссіз жоғалғандар да бар.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
