Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қауіпсіздікті қамтамасыз етпеді": Динара Зәкиева Алматыдағы балалар үйінен кімнің көшуге тиіс болғанын айтты

Динара Зәкиева балалар үйі туралыФото: Stan.kz / Динара Зәкиеваның  желідегі парақшасынан

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматыда орналасқан (Бағанашыл) Алматы облыстық балалар үйінен балалардың көшуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, облыстық әкімдік балалардың көшуі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Динара Зәкиева бүгін балалар үйінің емес, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатқан балалар көшірілгенін айтады. 

"Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы өмірлік қиын жағдайға тап болған және облыстың әртүрлі бөліктерінен келген балалар уақытша тұрады. Осы көктемде балалар мен әкімдік арасындағы кездесудің қорытындысы бойынша мұнда тұрып жатқан балалар мен мекеменің өзі көшетіні шешілген еді. Бұл ақпаратты мен көктемде жариялағанмын. Кеше бұл туралы облыстық білім басқармасының ресми парақшасында әкімдік хабарлады. Алайда Алматы облысының әкімдігі орталықта тұратын балалардың көшуі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етпеді", – деп жазды Динара Зәкиева.

Динара осының салдарынан бүгін жол берілмейтін жағдай болғанын атап өтті. 

"Балалар үйінің түлегі қыз есінен танып қалды, бір баланың аяғы жарақаттанды. Осы жағдай бойынша балалардан келген хабарламадан кейін соңғы аптада бірнеше рет әкімдікке жүгіндім. Алайда жергілікті атқарушы орган хабардар етпей, келісілмеген әрекеттерді жүзеге асырды. Барлық жағдайлар бойынша президент әкімшілігі тексеру жүргізеді, арнайы топ құрылды. Өңірлік уәкіл, балалармен бірге мен де балаларға бара жатырмын", – деп хабарлады Динара Зәкиева.


Тоқаев Алматыдағы балалар үйін Қонаевқа көшіруді тоқтатуды тапсырды


"Бізді жайымызға қалдырыңыздаршы": Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеменің Қонаевқа ауысуына қарсы


Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Бағанашыл балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа еркінен тыс көшіру қоғамда наразылық тудырды. Қоғам белсендісі Аружан Саин бұл әрекетті заңға және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына қайшы деп атап өтті. Видеода балалардың қарсы шығып, бір қыздың талып қалғаны көрінеді. Желі қолданушылары да жағдайға алаңдаушылық білдірді.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 21 Шілде, 2025 14:53
Талқылау