Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қауіпсіздікті арттырады": ІІМ құжат алғанда саусақ ізі не үшін жиналатынын түсіндірді

Алдағы уақытта ел азаматтары құжат алғанда саусақ іздерін тапсырады. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес мұндай шара құжатты қолдан жсаудың алдын алып, қауіпсіздік шараларын күшейтуге септігін тигізеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

дактилоскопия

Дактилоскопия немесе саусақ іздерін тапсыру үшін халыққа қызмет көрсету орталығында маманға жүгіну керек. Ол азамат жайлы деректерді базаға енгізіп, арнайы сканерді қосады. 

ІІМ адамның барлық саусағының іздері алынатынын айтады. Тек қолы жоқ немесе саусақ ізін сканерлеуге келмейтін адамдар ғана бұл процестен босатылады. 

"Биометриялық құжаттар биометриялық сәйкестендіру жүйесін қалыптастырады. Сондай-ақ қолдан құжат жасаудың алдын алып, террористік қауіп артқанда қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қылмыспен күрес кезінде көмектеседі", – деді ІІМ көші-қон комитеті ерекше тапсырмалар бойынша аға инспектор Айгүл Қаңлыбаева. 

Сонымен қатар саусақ іздері құжаты жоқ азаматтардың жеке тұлғасын анықтауда, шетелдікдерді бақылап, есепке қоюда да септігін тигізеді. Қазақстандықтар да бұл жаңашылдықты қолдайтындарын айтады. 

"Мәселен, Түркиядағы жер сілкінісі кезінде адамдар барлық құжаттарын жоғалтты. Егер бірыңғай база болса, жеке тұлғасын растап, құжаттарын қалпына келтіре алады. Меніңше, осы тұста бұл жүйе көмектесе алады", – дейді Ақбөпе есімді Астана тұрғыны. 

ІІМ өкілдері биометриялық деректер арнайы қорғалған базада сақталатынын мәлімдеді. 

Еске салайық, бұған дейін ІІМ құжатқа саусақ іздерін қосу жүйесін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастауды жоспарлап отырғаны туралы хабарлаған едік.  16 жасқа толғандар үшін құжатты алған кезде, сондай-ақ олардың жарамдылық мерзімінің аяқталуына немесе жоғалуына байланысты құжаттарды ауыстырған кезде қазақстандықтар саусақ ізін тіркеу рәсімінен өтеді. 

Талқылау