Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қатты нөсер салдарынан Кентаудың көшелерін су басты

Түркістан облысы, Кентау қаласындағы орталық көшелерде жиналған жаңбыр суы тұрғындардың жүріп тұруына қиындық тудырды. Әлеуметтік желілерде шаһардың бірнеше аумағы су астында қалған сәттің видеосы пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

Көлік жолдары мен базар іші де суға толып кетіп, салдарынан кәсіп иелерінің біршама заттары бүлінді.
Ал автобекет пен базар ішінде жүргіншілер тобықтан асатын суды кешіп жүруге мәжбүр болды. 

Желідегі жазбаларға сүйенсек, толассыз жауған жауын-шашыннан орталық базар ішіндегі су адамның тізесіне дейін жетіп, ондағы сауда орындарына дейін кіріп кеткен. Сондай-ақ жаңбыр суы Бала Бүргем елдімекеніндегі үй аулаларына дейін жетіп, кей үйлерге зақым келген.

Тіпті бір үйдің ауласы мен қосымша құрылыс нысанының ішіне кірген су екінші жағынан тесіп шығып жатқанын тұрғындар видеоға түсіріп алған.

Ал кешкісін Кентау әкімдігі жағдайдың тұрақталғанын жеткізді.


"15 сәуір күні сағат 16:00-ден 17:10-ға дейін болған жауын-шашынның салдарынан Кентау қаласындағы 3 жеке тұрғын үй мен 1 үйдің жертөлесін су басты. ТЖД күштері мен жергілікті әкімдік қызметкерлері тарапынан суды сору және бұру жұмыстары жүргізілді. Жағдай тұрақты", – делінген әкімдік мәліметінде.

Еске салайық, Қостанай облысының Заречный ауылында тұратын Әлім есімді азамат әлеуметтік желіде үйінің құрылысы жүріп жатқан кезде түсірілген видеоларын жариялады. Баспанасына бастан аяқ өз күшін салған отбасының жаңа шаңырағын әп-сәтте су басып қалды. 

Талқылау