Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қателіктерді түзеумен айналысу керек": Еділ Жаңбыршин елімізде атқарылған жұмыстар туралы айтты

Елімізде биыл бірнеше мәселелер көтерілді. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин осы тұста 2023 жылды қортындылап, елімізде орын алған басты оқиғалар туралы айтты. Депутат мұнай-газ, энергетика, уран, экология, су және төтенше жағдайлар бағытында қандай жұмыстар атқарылғанын сұхбатта айтып берді.

– Еділ Терекбайұлы 2023 жыл аяқталып келеді, елімізде орын алған қандай бес маңызды оқиғаны айтар едіңіз?

– Ең бірінші жаңа форматта сайланған Мәжілісті айтар едім. Төменгі палатаның 30% бір мандаттық округтан сайланды. Халықтың тікелей 29 Мәжіліс депутатын сайлау қоғамның саяси белсенділігін арттырып, тұрғындарды мемлекет басқару ісіне кеңінен араласуына мүмкіндік туды.

Екінші. Президент Әкімшілігінің құрылымының өзгеруі. Көптеген функциялар Үкіметке беріліп, Әкімшілік Президенттің қызметін қамтамасыз етпек. Бұл суперпрезиденттік басқару моделін одан әрі демонтаждаудың жалғасы десекте болады.

Үшінші. Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару үшін Мәжіліс депутаттарының бастамашылығымен шығарылған Заң. Қазірдің өзінде бір триллиондай қаржы кері қайтты.

Төртінші. Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы. Бұл мәселені бірнеше рет көтердік, өйткені мемлекетіміздің су саясатын жүргізетін құзырлы мемлекеттік орган жоқ еді. Тіпті көрші елдермен су дипломатиясын жүргізу кезінде де олармен деңгейлес саяси тұлғаның болмауы көптеген сұрақтардың шешілмей, созылып кетуіне әкелді. 

Бесінші. "Арселор Миталл Теміртау" компаниясының кері қайтарылуы. Экологиялық және өндірістік қауіпсіздік талаптарын орындамай, жүзден аса азаматтарымыздың қаза табуына себеп болған, жаңа технологияларды енгізбей қоғам мен президенттің критикасына қайта-қайта ұшыраған ірі кәсіпорын отандық инвесторға өтуі ел үшін маңызды оқиға деп ойлаймын. 

– Қазіргі Үкіметтің қимылы Президент және билік партиясы қойған міндеттерді толық атқарып отыр ма, қоғам сұранысына сай ма? Биліктің басқа тармақтарында қандай өзгерістер керек деп ойлайсыз? 

– Конституцияға енгізілген өзгерістер елдің саяси және экономикалық  реформаларына жол ашты. Әрине халық өзгерістің тез болуын қалайды. Өйткені коммуналдық тарифтер мен азық-түлік бағаларының шарықтауы, кейбір салалардағы жалақының төмендігі, жұмыссыздық, жемқорлық, елді-мекендердегі жылу мен судың проблемалары елді әбден титықтатты. 
Мысалы инфляция өсімі жалақы өсімінен асып отыр. Бұл жағдай тұрғындардың шығындарын үнемдеуге мәжбүрлейді, кедей топтардың қатарын көбейтетіні айтпасада түсінікті. Тіпті тұрақты табысы бар азаматтар шығындарын азайтып отыр. Қазақстандықтар орташа есеппен тамаққа айына 82 000 теңге жұмсайды екен.

Үкімет, энергетика министрі, облыс әкімдері халыққа, Президентке, Парламентке жылу маусымына сақадай саймыз, дайынбыз, бәрі бақылауда деп уәде берді. Алайда қыс түспей жатып минус 5 градус аязда Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласының жартысы бірнеше күн жылусыз қалды және кейбір шағын аудандарда жылу мәселесі әлі де бар. Балқаш, Теміртау, Кентау және Степногорск қалаларында осындай жағдайлар орын алды. Екібастұз қаласының жылу орталығында тағы да апат.

Энергетика министрлігі бұл "техникалық ақаулар" деп жағдайды жұмсартқысы келгенмен, жылу жүйелеріндегі апаттарды ел көріп отыр. Жұмысты сөзбен емес, іспен көрсету керек. Жалпы жылу маусымына атқарушы билік толық дайын болмай шықты. Әсіресе жергілікті әкімдер жылу беру инфрақұрылымын тиісті деңгейде дайындамаған. Себебімен емес, салдарымен күресіп жүр. Энергетика саласында қордаланған мәселе көп, министрлік көбінесе мұнай-газ сұрақтарымен айналысып кетеді. Менің жеке пікірім энергетика министрін бөлек, мұнай-газ министрлігін бөлек құру керек. 

Тағы бір мәселе соңғы кезде кәсіпорындарда қайта-қайта еңбек даулары орын ала бастады және тұрғындар арасында жұмыссыздыққа қатысты ереуілдерде болып тұрады. 

Өздеріңіз жақсы білесіздер Президент  2023 жылғы 15 ақпанда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Заңның негізгі міндеттері келіссөздерді ұйымдастыру тәртібін жеңілдету, келісім комиссиялары институтын, еңбек арбитражын және еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтардың рөлін күшейту болып табылады.

Үкіметтің, әсіресе квазимемлекеттік компаниялардың үнемі орын алып отырған еңбек дауларын реттеуге қатысты нақты шешімдерін көре алмай отырмыз. Сонымен қатар Үкімет пен жергілікті әкімдердің жұмыссыздықты мейлінше азайтатын жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде жоспарлы жұмыстары да байқалмайды.

"Самұрық-Қазына" ӘҚ" АҚ қызметін қайта қарау керек сияқты. Осы Қор бізге алдағы уақытта керек пе? Бұл құрылым ескі жүйенің моделіне сәйкес құрылды емес пе? Салалық министрліктердің жұмыстары тиімді болуы үшін ұлттық компанияларды министрліктердің қарауына беру керек. Себебі экономика үшін тікелей жауапты Үкімет, ал Самұрық-Қазына мен оның ұлттық компаниялары өздерінің операциялық жұмыстарына ешкімді араластырмай, өз алдына патшалық болып алған. Еліміздің билігінде өзгеріс болғалы осы Қор халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін қандай жобаларды іске асырды? Экономиканың драйвері болу керек еді ғой! Мысалы Қазақстан темір жолы не бітірді?  

Жалпы экономикамыз олигополиядан, негізсіз монополиядан толық тазаланбай және пайдалы қазбаларымызды игеруден түсетін қомақты қаржылар халықтың игілігіне жұмсалмай, Үкіметке оң баға беру ертерек.  

Қазіргі қоғам сұранысына және Мемлекет басшысының қойған талабына сай бола алмай жүрген биліктің тағы бір тармағы – Сот жүйесі. Мәжіліске келіп арызданатын сайлаушылардың көбі осы соттардағы әділетсіздікке шағымданады. Әділетті Қазақстан орнату үшін "ықпалды Парламент, әділ Сот және тиімді Үкімет" болуы қажет. 

– Мәжілістің ықпалдылығы қандай, көңіліңізден шыға ма?

– Ықпалдылықты ешкім Парламентке бере салмайды, ол үшін Сенат және Мәжіліс депутаттары минут сайын күресу керек. Бастысы Парламенттің ықпалдылығын арттыратын заң нормаларын қарастыра беруіміз қажет. Қазіргі таңда Парламентте, оның ішінде Мәжілісте қоғамдағы өзекті мәселелер жалпы отырыста заң жобаларын талқылағанда, депутаттық сауалдар жолдағанда, Үкімет сағаттарында, заң жобаларының таныстырылымдарында, жұмыс топтарында, Комитет отырыстарында көтеріліп жатады. "AMANAT" партиясының Фракциясында Үкімет мүшелері шақырылып, шешім қабылдауға нақты ұсыныстар беріледі. Депутаттар көтерген кейбір сұрақтар шешімін тауып, іске асып жатса, кейбір мәселелер бойынша формалды жауаптар келеді. 
Қазір Парламенттің ықпалы артып келеді, бірақ оған тоқмейілсімей одан әрі жұмыстануымыз қажет. Бір мысал айтайын. Студент кезімізде жатахқананың студенттер кеңесінің басшыларының бірі болдым. Жатахқанамызда темірдей тәртіп пен тазалық болды. Неге? Өйткені тәртіп пен тазалық бойынша үш рет студенттік кеңестен ескерту алған студент жатахқанадан шығарылатын және біздің шешіміздің негізінде ректор ол студентті оқудан шығарып жіберетін. 

Сондықтан Парламент есебін тыңдап, жұмысы қанағаттанарлықсыз баға алған Үкімет басшысы мен мүшелерін орнынан алып тастау жөнінде Президентке ұсыныс беру керек. Сол сияқты облыс әкімдерінің де есебі Мәжілісте тыңдалуы керек. Көп мәселе жергілікті жерлерде шешілмей жатады. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттар уақытында игерілмейді. Ал, Парламент бюджетті бекітіп берді. Сондықтан оның есебін тек қана Үкіметтен алып қоймай, өңір басшыларынан да алу керек.

Екінші бір жауыр болған мәселе. Заң шығару кезінде депутаттар ұсынған кейбір концептуалды нормаларға Үкімет қорытындысы теріс деп, ол нормалар көбінесе қабылданбай жатады, бірақ ол өзгерістер қоғам үшін қажет. Көбінесе қорытындыны дайындайтын сала министрлігі және оған кейбір сарапшылардың немесе топтардың ықпалы болуы мүмкін. 

Тағы бір мәселе бюджет. Бюджетке өзгеріс енгізу қиямет қайым. Қаржы шектеулі, ақша жоқ деп ауызды құр шөппен сүртіп отырған қаржы министрлігі. Олардың алып келген жобасына үлкен өзгерістер жасау өте қиын. 

Сондықтан Парламент толыққанды ықпалды болуы үшін аталған мәселелер бойынша депутатардың ұсынысы басым болатын жаңа механизмдер керек.

– Сіз өткен Мәжілістің шақырылымында депутат болдыңыз, осы сегізінші шақырылымда да бір мандаттық округтен сайландыңыз, әрі өте маңызды бағыттармен айналысатын Экология мәселелері және табиғат пайдалану Комитетін басқарып отырсыз. Салыстырмалы түрде өткен Мәжіліс пен қазіргінің айырмашылығы бар ма?

– Өзгеріс бар әрине. Мәжілістің өткен шақырылымы тек партия тізімі арқылы сайланған депутаттардан және үш Фракциядан құралды. Қазір жағдай басқа. Төменгі палата алты партия Фракциясынан, 29 мажоритарлық жүйемен сайланған депутаттардан, оның ішінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партия және Ермұрат Бапи сияқты нағыз оппозиция өкілдері бар. 7-ші шақырылымға қарағанда қазіргі Мәжілістің белсенділігі басымдау, депутаттар өз пікірлерін ашық айтып, мәселені төтесінен қойып жатады. Оны өздеріңізде байқап жүрген боларсыздар. Халықпен де кері байланыс жақсы орнаған, БАҚ және әлеуметтік желіден де үнемі әріптестерімізді көріп отырамыз.   

Мәжіліс депутаттары өңірлерде қиын жағдайлар болса міндетті түрде жолға шығып, сол тұрғындармен бірге болып, жергілікті билікке қолдан келетін көмегін жасап отыр. Егер де сол жағдайларға байланысты заңдарға өзгерістер керек болса, қаралып жатырған заңдарға ұсыныстар беріледі немесе жаңа заң жобаларына бастама жасайды. Мысалы, кешегі АрселлорМиталл компаниясында орын алған ауыр жағдай кезінде Комитетіміздің мүшесі Арман Қалықов кеншілермен бірге болды, олардың зейнет жасы мен әлеуметтік қолдауларына қатысты заңға өзгерістерге ат салысты. Қаңтар оқиғасынан кейін депутат Самат Мусабаевпен екеуміз сұйытылған мұнай газға қатысты көптеген мәселені шешетін нормаларды заңға енгізіп, өткен сессияда ол Заң қабылданды.

Осы шақырылымның бір ерекшелігі депутаттардың бастамасымен дайындалып жатырған заң жобалары мен Комитеттердің өңірлерге шығып, өзекті тақырыптарға қатысты көшпелі отырыстарының саны артты. Мысалы біздің Комитет өткен шақырылымның 2 жылында бірде бір көшпелі отырыс өткізген жоқ, ал биыл 8 айдың ішінде Комитетіміз үш көшпелі жиналыс өткізді, келесі 2024 жылға екі көшпелі жиналыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы Мәжілістің барлық Комитеттері 2023-2024 жылдары 16 көшпелі отырыстарды өткізуді жоспарлады. 

– Комитетіңіз мұнай-газ, энергетика, уран, экология, су және төтенше жағдайлар бағытында заңнамалармен айналысады. Бәрі де күрделі бағыт, проблема көп, үлгеріп жатырсыздар ма?  

– Дұрыс айтасыз Комитетке жүктелген міндет көпсалалы. Сондықтан жұмысымызды жүйелеп алмасақ сапа болмайды. Басты мақсатымыз салаларға қатысты Үкіметтен келген заңдарды дер кезінде дайындап беру немесе қордаланған мәселелер бойынша депутаттар тарапынан заңдарға бастама жасап, дайындау.

Комитет барлық жұмыстарын жүйелеп, жоспарлап алған. Министрліктердің негізгі айналысатын бағыттарын терең білу үшін Комитет мүшелері-депутаттарға тақырыптар бөлініп берілген. Заң жобасы немесе өтініш хаттар келіп жатырса, қай депутат сол бағытпен айналысады соған жүктеледі.

Әзірше жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды уақытында орындап жатырмыз деп ойлаймын. Әр салаға терең кіріп, Президент қойған міндеттер мен қоғам талабын ескере отырып, заңнамаларды реттеумен айналысып жатырмыз.

– 2023 жылы Комитет қандай заңдарды шығарды, қандай заңдар қаралып жатыр? Мемлекет үшін аса маңызды қандай өзгерістер жасадыңыздар?

– Биыл Комитет 15 заң бойынша бас комитет болып жұмыс жасады. Оның үшеуі Мәжілісте қабылданып, Сенатқа жіберілді. Қазіргі таңда 12 заң жобасы қаралып жатыр, оның 8-і Үкімет енгізген, 4-і депутаттардың бастамашылық еткен заң жобалары. 

Комитет бас болып, Сенатқа кеткен үш заң: 

- 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы;

- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялау туралы;

 - "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы".

Барлық заңдарда мемлекет үшін аса маңызды. Мысалы француздармен жасалған келісім аясында Тоталь компаниясы біздің ұлттық компаниялармен бірлесіп қуаты 1ГВт жел энергиясымен жұмыс жасайтын станцияны Жамбыл облысында салуды жоспарлап отыр.

Инвестиция көлемі 820 млрд теңгені құрап, 3600 млрд квт/с "жасыл" энергия өндірмек.
Тағы бір маңызды енгізілген норма – "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексі бойынша ендігі жерде Қазақстанда ашылатын ірі мұнай-газ кен орындары бірінші кезекте ұлттық компанияларға беріледі және олардың үлесі 50 % және одан да артық болады. Яғни біз, жер және оның қойнауы, басқа да табиғи байлықтар халыққа тиесілі, халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады деген Конституцияның 6-шы бабының 3-ші тармағының заңды механизмін жасақтадық.

Есептік кезеңде Комитеттің 20 отырысы, оның ішінде 5 кеңейтілген отырысы, 2 кеңейтілген тақырыптық отырысы және 3 көшпелі отырысы өткізілді.

– Сіз көптеген мәселелерді ашық айтып көтеріп отырасыз және сұрақтарыңыз бен сөйлеген сөздеріңіз тіліп түседі. Өткенде наркобизнес туралы қатты айтыңыз. Арнайы дайындаласыз ба, сұрақтарыңыз бен баяндамаларыңызды біреулер дайындай ма?

– Мәжілісте сөз алып сөйлеу үшін, нақты сұрақтар қою үшін мәселені терең білу қажет деп есептеймін. Сонымен қатар депутат келген материалдардағы деректер мен дәйектерді, тұжырымдар мен цифрларды, қорытындылар мен шешімдерді талдай білу керек. Пікір керек, ой керек. Ғылым мен педагогикалық, өндіріс пен саясаттағы тәжірибелерімнің де көмегі бар. Жасыратыны жоқ, кейде арнайы дайындалам, кейде экспромтым шығады. Өмірдегі болып жатқан жағдайдан хабарымыз бар ғой.  Жалпы көп ізденіп, көп оқыған дұрыс.

Ашық айтуға келетін болсақ. Қазір заман өзгерді, қазақ айтпай ма "Ауруын жасырған, арам өледі" деп. Айту керек. Айтпаса сөздің атасы өледі. Көшті түзегіміз келсе, дұрыс критика болуы керек.

Сын түзелмей, мін түзелмейді дейді халқымыз. Сынға ренжімеу керек, керсінше қателіктерді жөндеумен айналысу керек. Біз, Үкімет дұрыс жұмыс жасасын, халыққа жақын болсын, қордаланған мәселелерді шешсін, тұрғындар жақсы өмір сүрсін деп айтамыз. Мен де одан басқа ой жоқ. Ешкімнің жеке басына тиіспейміз, әр кім өзіне жүктелген міндетін адал, шын ниетімен атқару қажет. Сонда халық алдында абыройлы болады. 30 жыл бір адамдікі дұрыс деп келдік, критика айтқандарды билік есекке теріс мінгізді. Ескі жүйенің қателіктерін қайталамауымыз қажет. 

– Мықты депутат қандай болу керек? 

– Мемлекет мүддесін, өз жеке басының шаруасынан жоғары қойған депутат – мықты депутат. Осы формуланың ішінде бәрі бар. 

Яғни ол ізденеді, көп жұмыс атқарады, халыққа жақын, табанды, адал және ашық болады. Ол қорықпайды, иманы мықты, ең бастысы – оппонетіне де әділ болады!

– Әлеуметтік желіде белсендісіз, материалдарды команда болып дайындайсыз ба? Комитет төрағасының өзі дайындамайтын болар?

– Барлық материалдарды өзім дайындаймын. Жазатында өзім, салатын да өзім. Сайлау кезінде бірнеше кездесулер болады, сол кезде шұғыл шығару керек. Ол кездерде қасымыздағы штаб мүшелері мәтін жобасын жібереді, дегенмен өзім бір қорытып, өзгертіп саламын. Адамның өзінің ішінен жарып шыққан дүние өтімді болады деп ойлаймын. Ол сенің пікірің, ойың, қиналысың, ұсынысың.

– Жұмыстан бос уақытта қандай хоббимен айналысасыз?

– Жұмыстан бос уақыттағы хоббиім – ол жұмыс. Аңға шықпаймын. Сенделіп бос уақыт өткізбеймін, әлеуметтік желіде өте көп отырмаймын, жұмыс көп. Материал қарау керек, халықаралық тәжірибелермен танысып, елдегі жаңалықтардан хабардар болуым қажет. Сайлаушылармен және басқа да тұлғалармен кездесіп, жобаларды талқылауға да уақыт бөлемін. Қолым босап жатса, кітап оқимын. 

– Қазір қандай кітап оқып жатырсыз?

– "Я – Тимур властитель вселенной" деген Әмір Темірдің өзі жазған кітабы. Содан кейін Михаил Саакашвилидің "Пробуждение силы". 

– Қазақстандықтарға жаңа жылда не тілейсіз?

– Жаңа жыл жаңарудың белгісі. Бүкіл халқымыз еліміздің жаңарғанын күтіп жүр, үміт артып отыр. 2024 жылы Қазақстанымыз жаңарған ел болсын! Халықтың әл-ауқатын көтеретін жақсы жобалар іске ассын, әділ мемлекетті қалыптастыратын жаңа заңдарымыз жарық көрсін!
Әр азаматқа денсаулық, отбастарына береке, кәсіптерінде табыс, қызметтерінде абырой тілеймін! Өзіме не тілесем, барлық халыққа соны тілеймін!

Талқылау