Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Каспий теңізінің деңгейі тарихи минимумға жетті – Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі

Фото: gov.kz

Мәжілісте өткен Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау мәселесіне арналған отырыста су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз теңіз деңгейі біраз өзкеріске ұшырағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, 1900 жылдан 2023 жылға дейін Каспий теңізінің деңгейі минус 25,7 метрден (1900 жылы) минус 29,01 метрге дейін дейін өзгерген. 

“1900 жылғы ең жоғарғы деңгей мен 1977 жылғы ең төменгі деңгейдің арасындағы айырмашылық үш метрден асады. Қазіргі уақытта 2006 жылдан бастап Каспий теңізінің деңгейі төмендеп келеді және қазіргі уақытта Каспий теңізінің деңгейі – Балтық жүйесі бойынша минус 29,21 м. Бұл тарихи минимум болып саналады. Теңіз деңгейінің төмендеуі салдарынан теңіз су акваториясы солтүстік-шығыс бөлігі таяздығына байланысты қысқарды”, – дейді су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.

Оның сөзінше, теңіз деңгейінің төмендеуіне климаттық және антропогендік әсерлерден өзен ағынының төмендеуі, ауа температурасының көтерілуіне байланысты буланудың артуы, аймақтағы жауын-шашынның азаюы сияқты факторлар әсер еткен.                                           

“1976-2023 жылдар аралығында Каспий аймағы үшін орташа жылдық ауа температурасының өзгеруі әрбір 10 жыл сайын +0,51°С болды. 2006-2023 жылдар аралығында Каспий теңізіндегі жауын-шашын 65 мм-ге азайды. Осы жағымсыз фактордың барлығы Каспий теңізіне құйылатын судың азаюы аясында байқалады. Каспий маңы аймағының географиялық орналасуын, оның 
кең-байтақ аумағын және мұхиттан қашық жатқанын ескере отырып, қазір климаттың өзгеруі анық байқалады. Ғылыми бағалауларға сәйкес, қазіргі климаттық үрдістер мен суды басқару режимдері осы күйінде қалса, Каспий теңізі деңгейі одан әрі төмендейді деп болжанып отыр”, – деді ол.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев "Қазгидромет" РМК зерттеулеріне сәйкес, Каспий теңізінің деңгейі “2050 жылға қарай төмендеу үрдісін сақтап, минус 33 метр белгісіне дейін жетуі мүмкін” екенін атап өтті.

“Каспий теңізінің тарихына сүйенсек, теңіз деңгейінің минус 28,5 метрге дейін төмендеуі оның экожүйесі үшін де, теңіз шаруашылығы үшін де қауіпті шек болып саналады”, – деді экология вице-министрі.
 

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 22 Сәуір, 2025 19:03
Талқылау