Каспий құбыр консорциумына дрон шабуылынан Қазақстан 600 миллион доллар жоғалтуы мүмкін
Дрон шабуылының салдарынан Каспий құбыр консорциумы жүйесі арқылы Қазақстан мұнайын айдау 30%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
КТК мамандарының пікірінше, шабуылдың салдарын қалпына келтіру 1,5-2 ай уақыт алады. Бұл Қазақстан мұнайының айдалу көлемін шамамен 30%-ға дейін азайтуы мүмкін деп болжанып отыр.
Айта кетейік, 17 ақпан күні Кубаньдағы Кавказ ауданында орналасқан "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына дрон шабуылы жасалған. Салдарынан станцияның шатырын бүлдіріп, тарату құрылғысы, газтурбиналық қондырғы, кабельдер мен кабельдік эстакадалар, су резервуары, екі трансформатор, сүзгілер мен өрт сөндіру жүйесі бүлінген.
"Кропоткинская" мұнай айдау станциясы істен шығып, "Теңіз-Новороссийск" магистралды мұнай құбыры бойынша мұнай тасымалдау уақытша авариялық схема бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Бұл Қазақстан экономикасына ауыр соққы болады деп санайды экономистер мен мұнай-газ саласының сарапшылары. Экономикаға келетін шығын шамамен 600 миллион доллар болуы мүмкін.
"Станцияның бүлінуінен келетін жалпы шығын 1,4-2 миллиард долларға жетуі мүмкін. 2024 жылы КТК арқылы 53,8 миллион тонна мұнай тасымалданған, яғни жөндеу үшін қажет екі айда 9 миллион тонна мұнай тасымалданған. Осы көлемнің 30%-ы 2,7 миллион тонна мұнайға, яғни 19,7 миллион баррельге тең. Бұл шамамен 1,4 миллиард доллар болады, ал Brent мұнайының бағасы 70 доллардан есептелген. Тенгиз кенішін кеңейтуге байланысты "Теңгизшевройл" компаниясының мұнай өндіру көлемін арттыру жоспары мен станцияны қалпына келтіру шығындарын ескере отырып, жалпы шығын көлемі 2 миллиард доллар болуы мүмкін”, – дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов.
Energy Analytics Telegram-арнасының авторы Абзал Нарымбетов КТК-ға жасалған шабуыл Қазақстан экономикасына ауыр соққы болғанын мәлімдеді. Ол Қазақстанның экспорттық түсімдерінің кемінде 50%-ын мұнайдан алатынын еске салды.
"Айдаудың 30% азаюы 1,5-2 ай ішінде экспорттық түсімнің 5%-ға дейін төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттің 40-50%-ы мұнай түсімдерінен құралады, бұл жағдай елдің қаржылық тұрақтылығына қосымша қысым жасайды", – деп мәлімдеді Нарымбетов.
Қазір "Тенгиз-Новороссийск" магистралды мұнай құбыры бойынша мұнай тасымалдау "Кропоткинская" НПС-ін айналып өтетін авариялық схема бойынша жүзеге асып жатыр.
КТК Ресей, Қазақстан, АҚШ және бірқатар Батыс Еуропа елдерінің ірі энергетика компанияларын біріктіреді. КТК-ның негізгі өндірістік міндеті – Қазақстан кеніштерінде өндірілген мұнайды айдау. 2024 жылы тасымалдау көлемі 63 миллион тонна мұнайды құрады. Оның шамамен 74%-ы америкалық және басқа да батыс елдерінің жүк жөнелтушілерінің үлесінде болды. Тек Chevron компаниясы 2024 жылы КТК арқылы 26,8 миллион тонна мұнай айдады. Бұл оның бүкіл әлем бойынша өндірісінің 20%-ына тең.
Еске салайық, бұған дейін мұнай тасымалданатын Каспий құбыр консорциумының нысанына дрондар шабуыл жасағанын жаздық.

"Бассейні батпаққа ұқсайды": Түркиядағы бес жұлдызды қонақүй қазақстандық отбасыны шошытты
