Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның бизнесі банктерге эквайрингті мемлекетке беретін табыс салығынан көп төлейді

Эквайринг пайызы кәсіпкердің мемлекетке төлейтін табыс салығы мөлшерінен де асып түседі. Осылай деген мәжіліс депутаты Руслан Берденов елдегі кәсіпкерлерге қаржылық салмақ салып отырған эквайринг комиссиясы туралы мәселе көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ірі және шағын орта бизнес өкілдерінің жанайқайын жеткізген мәжілісмен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға депутаттық сауал жолдады. 

Руслан Берденов елімізде 2 миллионнан астам кәсіпкер тіркелгенін айтты. Олардың 1,7 миллионы – жеке кәсіпкер, 440 мыңы – шағын бизнес, 2800-і – орта бизнес, 1000-ы – ірі  бизнес өкілдері. Оның ішінде 50 мыңнан астам дүкен жұмысын атқарып жатыр. Айтуынша олардың барлығы күнде эквайринг процесін жүзеге асырады. 

"2023 жылы инфляция 9,8% болды. Азық-түлік бағасы 9,2%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 9,9%, ақылы қызметтер12% өскен. Осының салдарынан сату көлемі күрт төмендеген дүкендер жабылу алдында. Мысалы, дүкендер бөлшек салығы режимінде жұмыс істеп, айналымнан 4%-ды салық төлейді. Алайда, кәсіпкерге қаржылай салмақ салып отырған тағы бір фактор бар, ол – эквайринг комиссиясы. Кәсіпкер тұтынушыға әр тауар мен қызметіне қолма-қол ақшасыз төлемдері үшін эквайринг процесіне 3,5%-ға дейін банктерге комиссия төлейді. Эквайринг пайызы кәсіпкердің мемлекетке төлейтін табыс салығы мөлшеріненде асып түседі", – деді депутат. 

Мәжілісмен кәсіпкердің дамуына үлес қосып, түрлі бағдарлама, мораторий, субсидия беріп отырған мемлекеттің салығы айына бір рет 4% болатынын айтты. Ал несие беріп, белшесінен пайдаға батып отырған банктер қосымша әр аударымнан 3,5%-ға дейін пайда табады. Бұл процестен кәсіпкер де, тұтынушы да, мемлекетте ұтылады. Айтуынша екінші деңгейдегі банктер QR бойынша 0,5%-дан 0,95%-ға, өз карталарына 1,75%-дан 3%-ға, басқа банк карталарына 1,5%-дан 3%-ға дейін комиссия алады. 

"Тоқыраудан тозығы шығып, қосымша құн салығының шекті мөлшерінің 30 000 айлық есептік көрсеткішін 20 000-ға төмендетіп, бизнесті дамытуға алған несие салмағын әрең көтеріп жүрген отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету саясатын жүзеге асыру мақсатында келесіні ұсынамын. Бірінші, эквайринг пайызын төмендету қажет. Екінші, халықаралық төлем жүйелеріндегі эквайринг үшін шет елге аударылып жатқан қаражаттың мөлшерін азайту қажет (Visa, Master card, UnionPay).Үшінші, ешкімге тәуелсіз "Бірыңғай ұлттық төлем жүйесін" енгізу арқылы бюджетке түсімді ұлғайтып, кәсіпкерлерге қосымша қаржылай салмақты азайту қажет. Төртінші, эквайрингтен табыс тауып отырған барлық банк және қаржы ұйымдарына салық салу тетіктерін қайта қарастыру қажет”, – деп ұсынысын жеткізді депутат Берденов. 

Талқылау