Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді табысы 1,2 миллион теңгеден аспайтындар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттелмейді

Салық пен мемлекетке төленетін міндетті төлемдердің саны 20% қысқарады. Кәсіпке арналған салық режимдері оңтайландырылмақ. Осылайша олардың тек үшеуі қалуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Біріншісі, айлық табысы 1 миллион 250 мың теңгеден аспайтын жеке тұлғалар, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға қатысты. Бұл санатқа жататын азаматтар кірісінің 4 пайызын салық есебінде аударуға міндетті. Бастысы, табысы 1 миллион 250 мың теңгеге жетпейтін тұрғындар үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес.

Белгілі бір себептерге байланысты салық берешегі қалыптасқан кәсіпкерлердің шоты бірден бұғатталмайды. Яғни, борышы 73 840 теңгеден аспаса, қарызы жиналып жатқаны туралы хабарлама жолданады. Егер қарызы 20 АЕК-ден көп болса, кәсіпкердің шотындағы шығыс операциялар тоқтайды.

“Қазір арнайы салық режимі бар. Олар нысаналарды енді тек бір-ақ рет тапсырады. Жылдық нысаналар келесі жылдың 15 ақпанында ғана тапсырылады. 25 ақпанда олар төлем жасай алады. Сондықтан бұл тәсілді шағын бизнесті өте жақсы қолдау деп санаймыз”, – дейді қаржы министрі Ержан Біржанов.

Жаңа кодексте сән-салтанат салығын төлеу механизмі де нақтыланғалы отыр.

“Енді жылжымайтын мүлкінің жиынтық құны 450 миллион теңгеге бағаланған бақуатты азаматтар үшін салық мөлшерлемесі жоғарырақ болады. Сондай-ақ шетелден қымбат автокөлік әкелгені үшін де қосымша қаржы төлеуге міндеттелмек. Мысалы, кіргізген көлігінің бағасы 75 миллион теңгеден асса, салыққа 7,5 миллион теңге аударуы қажет. Сонымен қатар ұшақ, тікұшақ, теңiз кемелерi мен қымбат алкоголь және темекi өнiмдерi үшін де қосымша акциз салу көзделіп отыр”, – делінді баспасөз конференциясында.

Талқылау