"1000 теңгеге экологиялық ойыншық жасаймын": Қазақстандықтар шағын бизнестерін қалай дамытып жүргендерін айтты
Кәсіпкерлік әлеміне саяхатты бастау ешқашан оңай болмаған. Шағын немесе микро бизнесті құру мен дамытуды шешкендер үшін де бұл өз-өздеріне жариялаған сынақ. Бүгінгі қазақстандық кәсіпкерлердің оқиғасы кедергілермен күреске толы, сонымен бірге шабыттың, табандылықтың күшін көрсетеді. Біз сұхбаттасқан кейіпкерлер – шағын кәсіптерін табыс жолына шығарғандар.
42 жастағы алматылық Қанат Сырлыбаев суретші-дизайнер, колледжде оқытушы. Бала кездегі сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдырған. 2018 жылдан бастап қазақ нақышта ою-өрнектерден ағаш сағаттар жасаумен айналысады. Ал қазір экологиялық ойыншықтарды қолдан ойып жасауға кіріскен.
Қанат Сырлыбаев
“Мен үшін бұл хобби ретінде басталды. Балам ойыншық сұрады. Содан соң оған қолдан көлік, ұшақ жасап беріп жүрдім. Уақыт өте келе балабақшада ата-аналар сұрап, қызықты. Осылайша, тапсырыс түсе бастады.
Көбіне Instagram арқылы түсетін. Ең үлкен тапсырыс қазақстандық ірі холдингтен болды. Олар мерейтойына сағат тапсырыс берді. Одан кейін де әртүрлі компаниялар сыйлық жасау міндетін маған сеніп тапсыратын”, – дейді ол.
Қанат қазіргі нарықтағы экологиялық ойыншықтардың маңызы туралы бұрыннан ойланып жүрген. Сөйтіп өз қабілетін табыс табу жолымен ұштастырған.
“Осыған дейін бір ойыншықты 1000 теңгеге басталатын бағаға сататынмын. Енді жұмысқа кететін уақыт пен еңбекті, материалдарды есептеп бағасын көбейтетін боламын”, – дейді ол.
Сөзінше, бұл – Қазақстанда болмаған инновациялық жоба. Нарықтағы ойыншықтардың көпшілігі Қытайдан келгендіктен олардың неден және қалай жасалатыны түсініксіз дейді.
Қанат кәсіпкерлердің бизнесін өрлетуге арналған грант ұтып алды. “Бизнес трамплин” шағын және микро бизнесті қолдауға бағытталған жобаға қатысып, құны 7 миллион теңге сыйлықақы алды. Енді осы шағын кәсібін үлкен кәсіпке айналдыру мақсатында қолданбақ.
“Жұмыстың бәрін қолмен жасайтынмын. Енді білдек, құрал-жабдықтар сатып алынса бәрін жылдам жасауға болады”, – дейді Қанат.
Тағы бір кәсіпкер Павлодар қаласының тумасы Индира Белялова Алматыға бес жыл бұрын көшіп келген. Ол Maxkids_max – көзі көрмейтін балаларды қалыпқа келтіру және оқу орталығының негізін қалаушы. Мұндай ерекше кәсіп жүргізуінің себебі де жоқ емес. Индираның ұлы Мансұр туғанынан көзі көрмейді.
Индира Белялова
“Мегополиске көшіп, ұлымды орталықтарға қаратамын деп ойладым. Алайда үлкен қалаға келгенімен мұнда да тиісті көмек таба алмадым. Осылайша ұлыма білім бере алатын орталықты өзім ашуға шешім қабылдадым.
Арнайы мамандар да, білімім де болған жоқ. Мамандығым бойынша қаржыгермін. Өз тәжірибем бар, семинар, форумдарға қатысып қосымша ақпарат алып жүрдім. Балам үшін жағдайды өзім ғана істей аламын деп ойладым. Қазір үш қызметкерім бар”, – дейді ол.
Индираның кәсібін бастағанына екі жыл болыпты. Бастапқыда қызметкерлер мен шығындарға кететін ақыны өз қалтасынан төлеп жүрген. Себебі басқа ата-аналардың жағдайына түсіністікпен қарауға тырысады.
“Кейде бәрін тастағым келетін, тіпті басқа жұмысқа шыққым келді. Өз жұмысым жақсы болды, мансабым жақсы дамыды. Бірақ жанары көрмейтін балалар осы орталыққа келе бастаған соң сұраныс бар екенін түсіндім”, – дейді Индира.
Айтуынша, мемлекет көзі көрмейтін балаларға көмек бермейді. Ал Қазақстанда мұндай орталықтар жоқтың қасы. Мемлекеттік балабақшалар бар болғанымен, олардың қауқары келмей жатады.
Индираның сөзінше, ата-аналардың көпшілігі балаларымен жұмыс істеуге қорқады, олардан ұялады. Мұндай ата-аналармен әңгімелесу керек дейді ол.
Қазір Индира қаланың орта бөлігінен орталық ашуды көздейді. Байқаудан ұтып алған 7 миллион теңгені осы үшін де жұмсамақ.
“Балаларға қажетті құрал-жабдықтар сатып алу жоспарлануда. Оның ішінде: 3D принтер, дыбыс шығаратын ойыншықтар бар. Арнайы мамандар жалдап, білім береміз. Осылайша, баланың бойындағы таланттарын дамыту керек”, – дейді кәсіпкерлер.
Индира мен Қанат – Қазақстандағы шағын және микро бизнесті қолдауға бағытталған "Бизнес-трамплин" байқауының қатысушылары. Visa ұйымдастырған байқаудың негізгі номинациясында бірінші, екінші және үшінші орынға бизнесін дамыту үшін тиісінше 7, 5 және 3 миллион теңге үш жеңімпазға табысталды. Сондай-ақ финалистер "Әлеуметтік бизнес" номинациясы бойынша 7 миллион теңге және "Қазылар алқасының арнайы жүлдесі" номинациясында 2 миллион теңге грант ұтып алды.
Кәсіпкерлер өз мысалдары арқылы барша қазақстандықтарға үлгі болғысы келеді. Кәсіп жүргізудегі маңызды қабілет өз ісіңнен ләззат алу және оның қоғам үшін маңыздылығын түсіну дейді.