Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кәсіпкердің ауласында снарядтар шашылып жатыр: Желіде тараған видеоға қорғаныс министрлігі түсініктеме берді

Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігі Жамбыл облысы Байзақ ауданында оқ-дәрілер түсірілген видеоға түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Желіде Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылында мейрамханалардың бірінің ауласында снарядтар шашылып жатқан видео тарады. Видеодан Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы аулалардың бірінде тау болып үйіліп жатқан снарядтарды көруге болады. Жазба авторы снарядтардың іші босатылған, тек сыртындағы темірі қалғанын айтады. 

“Қорғаныс министрлігі пайдалануға жарамсыз оқ-дәрілерді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомстволық ұйымы "Қазтехнология" акционерлік қоғамына береді. Аталмыш "Қазтехнология" АҚ ұйымы олардың құрамындағы жарылыс қаупі бар заттарды алып, оны жоя отырып, өндірісте кәдеге жарату процесін жүргізеді. Оқ-дәрілердің сынықтары осындай үрдістен кейін ғана gosreestr.kz электрондық сауда алаңы арқылы сатуға қойылады. Видеода көрсетілген снарядтардың сырты мен оқсауыты – бұл оқ-дәрілерді кәдеге жаратқаннан кейін алынған және электрондық алаңындағы сауда арқылы жеке кәсіпорынға сатылған металл сынықтары. Олар қоршаған ортаға ешқандай қауіп төндірмейді”, – делінген хабарламада.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі кадрларда жарамсыз оқ-дәрілер бейнеленгенін түсіндірді. Хабарламада айтылғандай, оқ-дәрілерді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бағынысты ұйым залалсыздандырады, содан кейін сынықтарды сатуға қояды. Сондай-ақ, министрлік Жамбыл облысындағы қайғылы оқиғадан кейін тексеру жүргізілгенін атап өтті. 

“Өндірістік база "Бақтияр-Group" ЖШС-ға тиесілі екені тексеру барысында анықталды. Оның аумағында қара металл сынықтары (күйдірілген металл, болат және шойын металл) сақталған. Аталған металды "Бақтияр-Group" ЖШС 2021 жылы 30 наурызда Түркістан облысы, Арыс қаласында "Қазтехнология" АҚ-ның металл сынықтары қоймасымен жасалған шарт негізінде сатып алған. "Бақтияр-Group" ЖШС хабарламаға сәйкес заңды мекенжайы: ҚР, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында тіркелген. Бұл ұйымның түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, өңдеу және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы лицензиясы бар”, – деп мәлімдеді қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Қорыта айтқанда, министрлік 26 тамызда өрт шыққан оқ-дәрі қоймасында мұндай оқ-дәрілер сақталмағанын атап өтті.


Мөлдір Төлебай
Дүйсенбі, 30 Тамыз, 2021 14:04
Талқылау