Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады

Фото: Ақордадан

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтап, барлық азаматтарға зор денсаулық тіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Құттықтауды Ақорда жариялады. Мұнда президент бұл мерекенің еліміз үшін айрықша екенін атап өткен.

“Құрметті отандастар! Еңбек күні құтты болсын! Себебі, еңбек пен еңбекқорлық – ұлттық идеологиямыздың арқауына айналған құндылықтар. Жұмысшы мамандықтары жылында біз адал әрі қажырлы еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жатқан сан алуан кәсіп иелері мен түрлі буын өкілдеріне және еліміздегі барша еңбеккер қауымға сый-құрмет көрсетеміз. 

Мен еліміздің құндылықтары мен мақсаттарына зор сеніммен қарап, қастерлі Отанымыз үшін аянбай еңбек етіп жүрген, әрдайым кәсіби шеберлігін шыңдап, өндірісте жоғары көрсеткішке қол жеткізуге ұмтылатын және әр істе алғырлық пен жаңашылдық танытатын отандастарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін”, – деді ол. 

 



Мемлекет басшысы сонымен қатар, азаматтарға табыс тіледі.   

“Біз қоғамда адал еңбекті кеңінен дәріптеп, өскелең ұрпақты еңбекқор етіп тәрбиелей отырып, Қуатты әрі Әділетті Қазақстанның мызғымас негізін қалаймыз. Жауапкершілігі жоғары, ниеті таза, отаншыл азаматтарымыздың арқасында біз дамыған және өркениетті ел болу міндетін абыроймен орындаймыз деп сенемін. Қазақстанның барлық азаматтарына зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!”, – деп қорытты ол. 

STAN.KZ
Жексенбі, 28 Қыркүйек, 2025 08:20
Талқылау