Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жұмысты үйден істеу мүмкіндігі: қандай мамандықтар қажет және олардың жалақысы қанша?

Бір жыл бұрын әлем пандемияның салдарынан дәл осылай өзгереді деген ой ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмегені белгілі. Коронавирус ахуалының әсер етпеген тұсы қалмады. Адамдар үйлерінен шықпай-ақ жұмыс та істеп, білім де алып отыр. Осы тұрғыда кейбір мамандықтардың сұранысқа ие болуы қалыпты жағдай. Stan.kz редакциясы пандемия шарттарында жаңадан пайда болған мамандықтар мен қай кәсіп иесі сұранысқа ие болғаны анықтап көрген еді. 

удаленка

COVID-19 пандемиясы еңбек нарығын түбегейлі өзгертті. Жаңа мамандықтар пайда болып, енді біреулері жоғарғы сұранысты иеленіп жатты. Үйден жұмыс істеу деген ұғымды жат дүние санайтын қазақстандықтардың өміріне бұл түсінік етене енгендей. 

Әлемдік сарапшылар халық үйден жұмыс істеудің маңыздылығын түсініп, алдағы уақытта көп мамандықтар еңбек етудің дәл осы форматына ауысады деген пікір айтуда. Сөздерінше, тіпті қазірдің өзінде үйден жұмыс істеуге көшкен ұйымдардың қызметкерлерінің тең жартысы қайтадан кеңсеге шықпайды. 

Айта кетейік, Қазақстанда үйден жұмыс істейтін қызметкерлердің ресми статистикасы жүргізілмейді. ҚР ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің мәліметіне қарасақ, үйден жұмыс істейтіндердің үлесі артады деген ақпарат таппаймыз.

Десек те осы жылдың наурызында жарияланған комитет әзірлеген статистикаға көз жүгіртейік. Бұл зерттеу қызметтердің кәсіптік топтары, экономикалық қызмет түрлері және өңірлер бөлінісінде бос жұмыс орындары мен кадрларға қажеттілікті анықтау үшін жүргізіліпті. 

Зерттеудің нәтижелері бойынша 2020 жылғы 1 қаңтарға зерттелген кәсіпорындардағы қызметкерлердің тізімдік саны 2 471,5 мың адамды, бос жұмыс орындар саны 32 823 бірлік болды. Бос жұмыс орындардың үлесі жалпы көрсеткіштің 1,3%-ын құрапты.

Мәселен қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігіне ие ақпарат және байланыс саласының мамандарына деген қажеттіліктің үлесі еліміз бойынша 4,3% болған. 

"HeadHunter Қазақстан" ұйымының мәліметінше, былтырғы жылмен салыстырғанда ең алғашқы карантин жарияланғаннан бері үйден жұмыс істейтін мамандықтардың саны тек 1%-ға ғана артқан. Алғашында барлық бос жұмыс орындарының 3%-ын құрайтын қашықтан істеуге болатын жұмыстардың саны уақыт өте келе төмендеп кеткен. Тек тамыз айына қарай бұл көрсеткіш 2,8%-ды құрапты. 

Осы тұрғыда HeadHunter ұйымы бөліскен мәліметтерге көз жүгіртсек:

Бүгінде қашықтан жұмыс істеу бойынша мамандықтарға қажеттілігі бар ұйымдардың қатарында ақпараттық технологиялар, білім беру орындары, бөлшектік сауда, бизнес қызметтері, тағамдық емес халықтың тұтынуына арналған өнімдер саудасы, БАҚ және т.б. бар.

Үйден жұмыс істейтіндердің орташа жалақысы - 256 500 теңге. Салыстырмалы түрде: Қазақстанда 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында орташа жалақы 195 272 теңгені құрапты. 

"Қазіргі күні икемді жұмыс кестесіне үйренген жұмыс іздеушілерге деген сұраныс артады. Себебі олар кез келген жаңа өзгерістерге тез үйренісіп кетеді. Бір уақытта бірнеше міндетті атқара алатын мамандардың беделі артады", - дейді hh.kz порталының өкілдері. 

2019 жылдың наурыз айында "HeadHunter" ұйымы қазақстандықтар үйден жұмыс істеуге қалай қарайтынын білу үшін сауалнама жүргізіпті. Электронды түрде өткен бұл зерттеуге 8 000 астам адам қатысқан. Сауалнама нәтижесінде қатысушылардың 52% үйден жұмыс істеу мүмкіндігі бар ұйымдар іздейтінін, тағы 31% әлі күнге дейін қашықтан жұмыс істейтіні жайлы айтыпты. Ал барлық респонденттердің 80% болса үйден жұмыс істеуді ұнататынын айтқан. 

Үй жағдайында жұмыс істеудің артықшылықтары ретінде сауалнамаға қатысушылар басшыны күнде көрмеу, жұмыс кестесінің ыңғайлығы, бірнеше ұйымда қатар қызмет ету мүмкіндігінің болуын айтса, кемшіл тұсы ретінде үйде жұмысқа деген зейіннің жоғалуы, атқарылған жұмыстың дұрыс бағаланбай қалуы, бақылаудың аз болуынан жіберілетін қателіктерді атаған. 

Осыдан 20 жыл бұрын ел естімеген SMM-менеджер, вайнер, блогер сынды мамандықтар қазіргі таңда жоғары жалақыға ие кәсіп иелері. Ал кейбір кәсіптер заманның икеміне қарай өзгеше сипат алып немесе жаңа атауға ие болуда. 

Кейбір адамдар үйден жұмыс істеу пандемия аяқталғанша ғана созылатын құбылыс екенін айтса, басқалары бұл біздің өмірімізге сіңіп кететініне сенеді. Сарапшылар болса, уақыт өте келе қашықтан жұмыс істеуге сұраныстың артпаса, кемімейтінін алға тартады. Өйткені кәсіпкерлер өздеріне ыңғайлы жағын іздей бастайды. Ал кеңседе жұмыс істеу көп шығынды екенін ескерсек, бұл болжамның жаны бар екенін аңғаруға болады. 

 

Дайындаған Дидар Халық

Талқылау