
Фото: Бас прокуратура/2Gis

Фото: Бас прокуратура/2Gis
БАҚ пен әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа байланысты Бас прокуратура нені азаптау деп атауға болатынын түсіндірді.
“Бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір тұлғалар Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істер аясында тергеу органдары азаптайды деген жалған ақпарат таратып жатыр. Олар азаптауға Қылмыстық-процестік кодексте көзделген және заңды тергеу әрекеттерін, атап айтқанда, жауап алуға шақыру, жауап алу, сондай-ақ соттың үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын жатқызып отыр. Осылайша, адамдарды әдейі жаңылыстырмақ”, – делінген хабарламада.
Ведомство Қазақстан заңнамасында азаптау ұғымының не екенін нақтылады. Қылмыстық кодекстің 146-бабына сәйкес, азаптау – лауазымды тұлғаның қасақана түрде физикалық күш қолдануы немесе психологиялық қысым көрсетуі.
“Бұл біздің еліміз ратификациялаған БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас пен жаза түрлеріне қарсы конвенциясына, сондай-ақ Ыстамбұл хаттамасының нормаларына толық сәйкес келеді. Бүгінге дейін прокуратура аталған істер бойынша қатысушыларға қатысты тергеушілер тарапынан қандай да бір заңсыз әрекеттер мен азаптау фактілерін тіркеген жоқ. Барлық процестік әрекеттер Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарын толық сақтай отырып жүргізіледі. Осылайша, аталған тұлғалар өздеріне тиімді қоғамдық пікір қалыптастыру, құқық қорғау органдарының беделін түсіру және қылмыстық істерді тергеудің толықтығына, жан-жақтылығына әрі объективтілігіне кедергі келтіру мақсатында жалған ақпарат таратып отыр”, – деп түсіндірді Бас прокуратура.
Ведомство жалған ақпарат таратқаны үшін, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғаның қызметіне араласқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.