Шымкентте спортшы балалардың тамағына бөлінген 36 миллион теңгенің ұрланғаны анықталды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті Түркістан облысы әкімдігі білім бөлімінің әдістемелік орталығының басшысы мен екі қызметкеріне қатысты, сондай-ақ олардың сыбайласы Шымкент қаласының тұрғынына 36 миллионнан астам теңгені жымқыру фактісі бойынша қылмыстық тергеу жүргізуде. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі қаржы мониторингінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл ақша жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерін республикалық спорттық іс-шараларға дайындау үшін білім алушылардың тамағына бөлінген.
Ресми сайттың мәліметінше, ұрлық спортшылардың тиісті мәлімдемелердегі қолтаңбаларын қолдан жасау арқылы жасалған. Яғни бюжеттен қаржы бөлінген, алайда спортшыларды тиісті деңгейде дайындау жүргізілмеген.
Сонымен қатар, тергеу кезінде сотталушылар алдын ала келісім бойынша оларға қатысты жүргізіліп жатқан тергеудің оң шешілуі үшін Экономикалық тергеу бөлімінің жедел қызметкеріне 6 миллион теңге көлемінде пара беруге тырысқан.
Әдістемелік орталық қызметкерлеріне 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс Шымкент қалалық прокуратурасында. Тергеу жұмыстарына байланысты басқа ақпарат айтылмайды.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
