Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекет қазынасына 217 миллиард теңге болатын активтерді қайтарды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Агентттік төрағасы жыл басынан бері мемлекет меншігіне қайтарылған активтердің жалпы сомасын атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы биылғы 9 айда атқарған жұмыстарының нәтижесі мен алдағы уақытқа арналған жоспары туралы баяндалды.
Агентттік төрағасының дерегінше, жыл басынан бері мемлекет қазынасына 217 миллиард теңге болатын активтер қайтарылған. Ал, көлеңкелі экономиканың деңгейі 18,7 пайызға дейін төмендеген.
Бұдан бөлек, Жанат Элиманов құқық қорғау органдарына 229 талдау материалы жолданғанын, есірткі сатушылардың қаржылық операцияларын бұғаттау тәжірибесі жолға қойылғанын айтты. Бұл жұмыс азаматтарды, әсіресе жастарды, есірткіні онлайн сатып алудан сақтайды.
Оның айтуынша, есірткінің заңсыз айналымынан түсетін кірістерді жылыстату үшін пайдаланылған 924 банктік шот бұғатталған.
Криптоактивтерді пайдалана отырып жасалатын экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы бөлімше құрылған. Крипто-әмияндарға тыйым салу және цифрлық валютаны алып қою тетігі әзірленген. Заңсыз 9 крипто алмастырғыштың қызметі жойылған. Ондағы қаржы айналымы 17 миллиард теңгеден асқан.
Президентке Қазақстанда алғаш рет криптовалюта арқылы қылмыстық жолмен тапқан 47 миллион теңге табыс тәркіленіп, Агенттіктің Binance криптобиржасындағы арнайы шотына салынғаны жөнінде баяндалды. Бұдан бөлек, террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаражат аударуды көздеген 976 әрекет анықталып, бұғатталған.
Экономикалық құқық бұзушылықтардың кейбір белгілері бойынша қылмыстық қудалауды жеңілдету (декриминализация) туралы ұсыныстар енгізілген. Бұл кәсіпкерлерді қорғау шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.