Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаржыгер GPIBS инвестициялық компанияны жарнамалаған блогерді жауапқа тартуды сұрайды

Қаржы сарапшысы Әсел Әуелбекова GPIBS-қа инвестиция салуды үгіттеп, компанияны жарнамалаған блогер Аружан Жазықбаеваны жазалауды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Блогер Instagram-парақшасында GPIBS-ті жарнамалап, өз оқырмандарын инвестиция салуға үгіттеген. Оның айтуынша, айына 250 доллар немесе 115 мың теңге салу арқылы жылына 26 миллион теңгеге жуық пайдаға кенелуге болады.

Әсел Әуелбекова блогердің қаржы пирамидасына ұқсас компанияны жарнамалап, халықты адастырмақ екенін айтып, одан оқырмандарынан кешірім сұрауын және шындықты мойындауын талап етті.

Осыдан кейін Жазықбаева жарнамасын өшіріп, қателескенін мойындады.

“Бұл компанияны жарнамалауымның себебі – нәтижесін өз көзіммен көрген едім. Зерттеп, компания туралы материалдарды оқыдым, Forbes-тан көрдім. Өзім де осыған инвестиция салып, содан пайда көрген едім. Бірақ қаржыгерлер бұл пирамида екенін айтты, мен де мүлтіксіз келісемін және оған жоламауға шақырамын. Менің ақшаларым сонда және қаншалықты маған ақша төленетінін әрі қарай бақылаймыз”, – деді қыз.

Қаржы аналитигі Андрей Чеботаревтің Telegram-арнасында инвестиция тартатын GPIBS-тің қытайлық компанияға еш қатысы жоқ екені жазылған.

Қытайлық Panjiang Refined Coal компаниясы Қазақстанда жұмыс істемейді. Айтуынша, алаяқтар өткен мамырда компанияның жалған сайтын қосқан.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Guizhou Panjiang Refined Coal Co-ға қатысты қосымша тексеріс өткізді. 

Талқылау