Көш басында Ресей: Қаржы министрлігі қай елдерде мемлекеттік қызметкерлердің мүлкі көп екенін айтты
Қазақстандық шенеуніктерге тиесілі жылжымайтын мүлік көлемі Ресейде ең көп болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kursiv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Қаржы министрлігі мемлекеттік қызметкерлер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары шетелде 2877 үй, пәтер, жер учаскелері мен коммерциялық үй-жай алғанын мәлімдеді. Сатып алынған үйлердің 77%-ы Ресейде.
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың 2203 қызметкерінің шетелдік жылжымайтын мүлкі бар. Жалпы алғанда 2646 үй мен пәтер, 217 жер телімі және 14 коммерциялық үй-жай бар.
Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің ең көп жылжымайтын мүлкі мына елдерде:
- Ресейде 2218 жылжымайтын мүлік;
- Түркияда 185 нысан;
- Қырғызстанда 45 нысан;
- Болгарияда 44 нысан;
- Біріккен Араб Әмірліктерінде 42 нысан.
Алайда меншіктердің құны, сондай-ақ олардың иелерінің жұмыс орны мен лауазымы белгісіз. Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, бұл ақпарат декларацияны толтыру кезінде көрсетілмеген.
Жыл басында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері шетелдік банктердегі есепшоттарындағы 100 миллиард теңгеден астам қаржыны декларациялағаны хабарланған. Олардың көбі Ресейде, АҚШ-та және Францияда ашылған.