"Бірде-бір құтқарушы жоқ": Алакөл жағасында демалушылар қауіпсіздік мәселесін айтып, дабыл қақты
Фото: Саида Тәуекелованың желідегі парақшасынан
Заңгер Саида Тәуекелова әлеуметтік желідегі парақшасында Алакөл жағалауындағы шомылу аймақтарында қауіпсіздік талаптарының сақталмауына алаңдаушылық білдірді. Ол ондаған мың турист демалып жатқан аймақта құтқару мұнаралары, қалқыма, ескерту белгілері мен мемлекеттік құтқарушылардың жоқ екенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заңгер Саида Тауекелова Алакөл жағасында демалып жатқанын жазды. Ол көлдің табиғаты ерекше әсер қалдырғанымен қауіпсіздік шараларының сақталмауы көңіл көншітпейтінін айтады.
"Суда ересектер мен балалар да, скутерлер мен катерлердің дәл жанында шомылып жүр. Күтпеген жағдай туындаса, бұл қайғылы оқиғаға алып келуі мүмкін. Ал Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, су айдындарындағы қауіпсіздікті ұйымдастыруға жауапты орган – Төтенше жағдайлар министрлігі. "Азаматтық қорғау туралы" заңның 37-бабы мен үкіметтің 2000 жылғы 10 қаңтардағы №13 қаулысымен бекітілген "Су айдындарында адамдардың өмірін қорғау қағидаларына" сәйкес жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар министрлігі бірігіп, халық көп шомылатын жерлерде құтқару бекеттерін ұйымдастыруға міндетті", – деп жазды заңгер Саида Тауекелова.
Заңгер жағажайда міндетті түрде құтқару мұнаралары орнатылып, арнайы дайындықтан өткен, сертификатталған құтқарушылар кезекшілікте болуы керек екенін атап өтті.
"Олар арнайы қайықпен немесе гидроциклмен, байланыс құралдарымен және алғашқы көмек қобдишасымен қамтамасыз етілуі қажет. Шомылуға арналған аймақтар қалтқы белгілермен нақты бөлініп көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ демалушылар мен су көліктері үшін арнайы бөлек аймақтар қарастырылуы керек. Ал шын мәнінде Алакөлде бұл қарапайым қауіпсіздік талаптарының бірі де жоқ! Бұл – жай ғана кемшілік емес, бұл адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп. Құтқарушылар демалыс базаларының емес, мемлекеттің жауапкершілігі! Әсіресе осындай туристік нүктелерде олар бірінші кезекте болуға тиіс!" – деп талап етті заңгер Саида Тауекелова.
Саида Тауекелованың сөзінше, жергілікті әкім олармен кездесуден де қашып жүр. Заңгер төтенше жағдайлар министрлігіне, туризм және спорт министрлігіне, көлік министрлігіне және Абай облысының әкімдігіне үндеу жолдады. Су айдындарындағы қауіпсіздік кезек күттірмейтін мәселе екенін алға тартты.
"Бұл – ішкі туризмге деген сенімнің негізі! Туристік инфрақұрылымды дамыту адамдар өздерін қауіпсіз сезінетін жағдайлармен қатар жүруге тиіс. Біз өз балаларымыздың өміріне кім жауапты екенін, жағажайлар қалай тексерілетінін, қауіпсіздік бойынша қандай жол картасы барын және оның нақты қалай жүзеге асырылып жатқанын білуге құқылымыз! Айтпақшы, жеке хабарламалар арқылы демалыс базаларының иелері канализацияны тазартумен Eco Tazalyk (байланыс нөмері – 8 777 254 5777) айналысатынын жеткізді. Дегенмен әр базадан 15 мың – 19 мың теңге аралығында қолма-қол ақша алып жатыр, чек бермейді. Жалпы саны – 260 база. Бұл салық органдары мен прокуратура үшін нағыз ашылмаған алаң! Ал 2023 жылғы жол картасына сәйкес, мұнда бәрі қамтамасыз етілген, барлық талап орындалған деп көрсетілген. Қаржы бөлінген. Сонда қалтқы белгілер қайда кеткен? Сатып алу болған ба өзі? Бұл іске қатысты күмән көп, түсініксіз жағдай..." – деп заңгер наразылығын білдірді.
Бұл мәселеге қатысты төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушылар күндіз де, түнде де патрульдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр деп жауап берді. Сонымен қатар шомылу маусымы кезеңінде Алакөл көлінің жағалауында Жетісу облысы төтенше жағдайдалар департаменті (ТЖД) құтқару бөлімшесі, сондай-ақ Абай облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының стационарлық бекеті жұмыс істейтінін де еске салды.
“Суға шомылуға арналған және тиісті түрде жабдықталған ресми коммуналдық жағажайлар бар. Коммуналдық жағажайда 5 құтқару мұнарасы және судағы қауіпсіздік ережелері жазылған ақпараттық стенд орнатылған. Алайда демалушылардың басым бөлігі суға түсу үшін жабдықталмаған, инфрақұрылымы жоқ учаскелерді таңдайды. Әрбір азамат судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажет. Коммуналдық жағажайлардың дайындық жұмыстарын қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзырында. Олар құтқару бекеттерін, медициналық көмек пунктерін ұйымдастырып, жүзу шекараларын белгілейді және басқа да шаралар қабылдайды", – делінген министрлік жауабында.
Бұдан бөлек министрлік прокуратура органдарының келісімі болған жағдайда Алакөл көлінің жағалауында орналасқан коммуналдық және жеке жағажайларға тексеру жүргізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

"Президенттің ұзақ мерзімге отыруы қате": 14 жыл бойы ЕҰУ-ды басқарып келе жатқан Ерлан Сыдықов әлеуметтік желіде сынға қалды
