Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Картоп 300 теңге: Қазақстандағы азық-түлік бағасы қырғызстандықтарды таңғалдырды

Қазақстандағы азық-түлік бағасы қырғызстандықтарды таңғалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: istockphoto.com

Қырғызстанның Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрлігі Қырғызстанда азық-түлік бағасы Қазақстаннан 6,9%-ға төмен екенін мәлімдеді. 

"Қазақстанда осы аптада картоп бағасының өсуі байқалды. Мәселен Ақтөбе облысында бұл өнімнің бағасы 42 сомға (252 теңге), Қостанай облысында – 45 сомға (270 теңге), Қарағанды ​​облысында – 43 сомға (258 теңге) дейін көтерілді", – делінген хабарламада.

Қазақстандық БАҚ-та тұрғындардың тұрақтандыру қорынан картопты жаппай сатып ала бастағанын, оның ірі желілерде келісі 126-138 теңгеден сатылып жатқаны туралы ақпарат тарады. Базарлар мен шағын дүкендерде картоп 300-350 теңгеден сатылып жатыр, кей жерлерде бір келі картоп бағасы 550 теңгеге дейін жеткен.



Бұған дейін Қазақстан үкіметі үшінші елдерге картоп экспортына алты айға шектеу қойғанын мәлімдеген еді. Тек ЕАЭО елдеріне ғана жеңілдік жасалған, бірақ бұл бағыттағы экспорт та қатаң бақылауға алынады.

"Көрші елдерден, әсіресе Өзбекстаннан сұраныстың артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биылғы жылы картоп экспорты 1,5 есеге, 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өсті. Сұраныстың артуы ішкі нарыққа әсер етті. Соңғы аптада экспортқа бағытталған тауар өндірушілер арасында бағаның күрт өсуі (170 теңгеден 270 теңгеге дейін) тіркелді", – делінген үкімет хабарламасында.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, республикада бөлшек сауда желілерін есептемегенде 850 мың тоннадан астам картоп қоры бар. Министрлік бұл көлем ішкі қажеттіліктерді толық өтеуге жеткілікті екенін атап өтті. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның бірқатар өңірлерінде картоп бағасы күрт көтерілгені туралы жазған едік. 

Талқылау