"Қарызымызды кешірсін": Ипотекаға үй алып төлей алмай жүргендер талап қойды
Кезінде ипотекаға үй алып, енді соны төлей алмай жүрген азаматтар қарызымызды кешірсін деп талап қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Алматы қаласының әкімдігінің алдына жиналған бір топ адам қарызға белшелерінен батып кеткендерін айтып наразы. Олар көпбалалы, әл-ауқаты төмен отбасылардың және мүгедектердің ипотекалық қарыздарын кешіруді сұрайды. Әкіммен кездесуге келген 20-ға жуық азамат бұрын алған ипотекаларын төлегілері келмейтінін айтып шағымдануда.
Себебі, жағдайы жоқ отбасылар мен мүгедектердің берешегін өтеуге үкіметтен тағы да 44 миллиард теңге бөлініпті. Бірақ бұл қаражаттың бір тиыны да бізге бұйырмады дейді жиналғандар.
Борышкерлердің арнайы бағдарлама бойынша ипотекамыз жабылу керек болатын, алайда бұл қаражат бізге жетпеді деген сауалына «Ар-намыс» қоғамдық қорының төрайымы Қанағат Тәкеева жауап берді.
"44 миллиард теңгеге 7 мыңнан астам борышкердің несиесі қайта қаржыландырылуы керек болатын. Алайда бұл азаматтардың ешқайсысы бағдарламаға қатыса алмай отыр. Бәрінің құжаттарын түрлі сылтаумен кері қайтарады. Тіпті кей азаматтардың несиесін 100 пайызға кешіру керек еді. Бірақ әлі күнге қарызынан біржола құтылған ешкім жоқ", - дейді маман.
Мәселен, Әлия Байболатова 2007 жылы 134 мың долларға ипотекалық несие рәсімдепті. Осы күнге дейін 74 мыңын төлеген. «Соған қармастан қарызым әлі 20 миллион теңгеге жуықтайды», - дейді. Алайда бұл ақшаны төлеуге денсаулығым жарамайды деп зар-жылап отыр.
"19,5 миллион. Мен оны қалай төлеймін? Жүрегім ауырады, басым ауырады. Төлей алмаймыз, төлейтін шамамыз жоқ. Төлейтін жерге дейін түсіріп берсін немесе 100 пайыз сызып берсін. Әйтпесе етімнен ет кесіп алса да, мен төлей алмаймын", - дейді Әлия Байболатова.
Борышкерлердің барлығына 5 жылға несие демалысы берілген. Яғни әрқайсысы 60 ай бойы тек 15 мың теңгеден төлеп отырады. Алайда карантинде жұмыссыз қалғандар енді сол соманы да өтеуге шамамыз жоқ дейді. «Әкіммен кездесеміз» деген талаптары да орындалмады. Бірақ бар базынасын қағазға жазып қалдырғандардың мәселесі шенеуніктер міндетті түрде біржақты қыламыз деп шығарып салды.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
