Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қарызымыз 6 миллиард теңгеге жетті": Нұр-Сұлтанда әскери нысандарға жөндеу жүргізген кәсіпкерлер наразылыққа шықты

Нұр-Сұлтанда Қазақстанның әр өңірінен келген кәсіпкерлер Қорғаныс министрлігінің алдында наразылыққа шықты. Олар "Әскери Құрылыс" компаниясымен жұмыс істеп, миллиардтаған шығынға баттық дейді. Айтуларынша, әскери нысандарды салу және жөндеумен айналысқан компания Қорғаныс министрлігінен бөлінген тендерлерді ұтып келген. Алайда мердігер компанияларға тиісті өтемақыларын төлемепті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

кәсіпкерлер

Салық органдары салықты уақытында төлемегендері үшін кәсіпкерлердің шоттарын бұғаттап тастаған. Соның кесірінен қазір олардың қызметкерлері жұмыссыз және жалақысыз отыр екен. 

2019 жылы туындаған мәселе әлі шешімін таппаған. "Әскери құрылыс" компаниясына сендік дегендер қазір қарызымыз 6 миллиард теңгеден асты дейді. Алайда министрлік өз міндеттемемізді 100 пайыздық төлем жасау арқылы орындадық деп отыр. Бірақ ол ақшаның қайда, кімнің қалтасына кеткенін мердігер компания өкілдері білмейміз дейді. 

"Ақша жоқ. Қорғаныс министрлігі берген ақшаны акционерлік қоғам басқа жаққа жұмсап жіберген. Қай жаққа екенін білмейміз. Қазір салығымыз, еңбекақымыз, барлығы тұр. Салықта өсімақы жүріп жатыр. Біздің талабымыз ақшамызды қайтарсын. Мемлекет басшысынан соны сұраймыз", - дейді кәсіпкер Еркін Қолдасбеков.  

Қорғаныс министрлігі компанияның қосалқы мердігер компания өкілдерінің алдындағы қарызы бар екенін мойындап отыр. Әйтсе де серіктестік пен жеке компаниялар арасындағы шарттық қатынастардың бізге қатысы жоқ дейді. Қазір тергеу жүріп жатыр екен. Сот үкімінен кейін кінәлі деп табылған адам қарыздарды өтеуге міндетті болады дейді министрлік өкілдері.

"Олар ақшаны қазір беруімізді сұрап отыр. Оны қалай береміз біз? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігі қаржы жымқыруға қатысты іс қозғады. Қазір тергеу өтіп жатыр. Тергеуден кейін сот болады. Сот шешімі арқылы қарызды кімнің өтейтіні белгілі болады", - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхамеджан Таласов. 

Назархан Уән
Сейсенбі, 26 Сәуір, 2022 14:42
Талқылау