Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек – Тоқаев банктерге тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бизнес-қауымдастығымен кездесу өткізіп, Қазақстанның жаңа мағыналар мен тәсілдер дәуіріне аяқ басқанын айтты. Президент бұл үдеріске банктердің бәрі атсалысқаны маңызды деп отыр. Оның айтуынша, банктер қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Тоқаевтың сөзінше, үкімет кредит мөлшерлемесін субсидиялау арқылы банк қаржысын тарту туралы бастама көтерген. 

“Қаржы секторы осы міндетті орындауға белсенді қатысуға тиіс. Үкімет Кепілдік қорын құру мәселесін пысықтап жатыр. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан "ұзақ мерзімге берілетін" қаржы тартылады. Бұл – жеткіліксіз. Нақты секторды кредиттеу көлемін арттыру үшін басқа да ұсыныстар қажет. Мен үкімет отырысында Ұлттық қор ел экономикасының бір бөлшегі екенін айттым. Кейбір шолушылар, қоғам қайраткерлері үкіметтің Ұлттық қордан жиі әрі көп қаржы алатынын айтады. Бұл – қалыптасқан ахуалға байланысты қабылданған шешім. Осыған бола "дағдарысқа тап болдық" деп байбалам салатындай себеп көріп тұрған жоқпын. Қорды не үшін құрдық? Қор қаржысы мемлекеттік маңызы бар міндеттерден өзге мақсатқа жұмсалып жатса бір жөн”, – деді президент.

Президент банктер бизнеске көмектесіп, экономиканың дамуына қаржы салуға тиіс екенін атап өтті.

“Дегенмен реттеушілік шаралардың қатаңдағанына қарамастан, тұтынушылық несие көлемі бұрынғыдай өсіп келеді. Былтыр аталған көрсеткіш 33 пайызға ұлғайды. Ал проблемалық борышкерлердің саны 1,5 миллион адамнан асты. Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек. Бұл – аса өзекті саяси мәселе. Сонымен қатар қаржылық сауатты арттыру, әсіресе өскелең ұрпақтың осы бағыттағы білімін жетілдіру маңызды. Осы ретте банктер проблемалық займдарды қайта қаржыландыру жұмыстарын күшейтіп, борышкерлердің санын өсіруге жол бермегені жөн. Азаматтарға алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерге айрықша мән беру қажет”, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президент экономикалық жағдай кейбір өзін “сарапшы” санайтындардың сипаттауындай аса ауыр емес деген пікірмен келісетінін айтты.

“Бастысы, еңсе түсіріп, бас шайқап отырудың қажеті жоқ. Бірақ арқаны кеңге салуға да болмайды. Иә, экономика 4,8 пайызға өсіп жатыр. Үкімет отырысында бұл Қазақстан үшін жеткіліксіз екенін айттым. Үкімет жаңа өсу нүктелерін іздеуі керек. Бұл ретте, әрине, бизнес-қоғамдастықтың рөлі зор. Халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік қарыз деңгейін “жоғары емес” деп бағалап, оның басқарылатынын айтты. Қарызды басқару саясаты белгіленген қаржылық шектеулерге қатаң сәйкестікте жүргізіледі. Табыстардың артуы бюджет тапшылығын азайтуға ықпал етіп, мемлекеттік қарыз көлемінің өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Бұл ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін қосымша мүмкіндіктер жасайды”, – деді президент бизнес өкілдерімен кездесу барысында.



Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі екінші деңгейлі банктердің қызметін сынап, елге көмек көрсететін уақыт келгенін айтты. Тоқаевтың айтуынша, кейбір банктер өз шығынын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды.

Талқылау