"Қарызға ақша беріп, кейін қайтаруды талап етті": Танымал актер Ким Су Хен "әріптесінің өліміне кінәлі" деп айыпталды
Оңтүстіккореялық дорамалардың жұлдызы, танымал актер Ким Су Хеннің басы дауға қалды. 16 ақпан күні үйінен өлі табылған кореялық актриса Ким Сэ Ронның туыстары өнер иесін қыздың өліміне кінәлі деп айыптап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Peopletalk.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Instagram.com/soohyun_k216/ron_sae
24 жастағы актриса Ким Сэ Ронның өзіне қол жұмасауына қатысты түрлі себептер айтылды. Енді марқұмның туыстары танымал актер Ким Су Хенді жас қыздың өліміне себеп болды деп кінәлап отыр.
Garosero Research Institute подкастына сұхбат берген актрисаның жақындары Ким Сэ Ронның 27 жастағы Ким Су Хенмен кездесе бастағанда жасы небәрі 15-те болғанын айтты. Олардың сөзінше, екеуі 6 жыл қыз бен жігіт болып жүрген. Бірақ кейін айырылысып кеткен.
Ким Сэ Ронның әпкесінің айтуынша, актриса жол апатынан кейін қиындықтарға тап болды. Ким Су Хен оған 700 миллион вон (238 миллион теңге) қарызға ақша берген. Оның орнына актриса оның компаниясында жұмыс істеп, қарызын біртіндеп өтеуі керек болған. Алайда біраз уақыт өткен соң, бұрынғы сүйіктісі кенет қарыздың қалған сомасын толық өтеуді талап етіп, оны жұмыстан шығарып жіберген.
“Олар расымен 6 жыл кездесті. Сэ Рон тегін жұмыс істеді. Кейін оны қоқыс сияқты лақтырып жіберді. Ол қарызын төлей алмай, қаржылық қиындықтарға тап болды. Ким Су Хен бұрынғы сүйіктісі жайлы теріс пікір білдірген соң актриса шыдай алмай, дәл актердің туған күнінде өзіне қол салды”, – дейді марқұмның туысы.
Фото: Ашық дереккөзден
Алайда Ким Су Хеннің агенттігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Компания Garosero Research Institute YouTube-арнасына жала жапқаны үшін сотқа шағым дайындап жатыр. Ал арна өкілдері сот процесінен қорықпайтынын және өз ұстанымын сотта дәлелдеуге дайын екенін мәлімдеді. Агенттіктің ресми өтінішінен кейін жағдайды нақтылау үшін тергеу басталады.
Сэ Ронның туыстары жанжал шығарып, біреуге қара жағу үшін емес, актрисаның беделін қалпына келтіру үшін осындай мәлімдеме жасағандарын айтты.
“Мен жеке пайдам үшін немесе жанжал тудыру үшін айтып отырған жоқпын. Менің қызым өтірікке толы мақалалардың кесірінен зардап шекті, бұл оның өмірін ойран етті. Мен тек оның талантты актриса ретінде есте қалғанын, өзіне лайық құрмет көрсетілгенін қалаймын. Өтінемін, оның абыройын қалпына келтіруге көмектесіңіздер”, – дейді Сэ Ронның анасы.
Сондай-ақ олар актер Ким Су Хенға шабуыл жасауды мақсат тұтпайтынын, тек шындық айтылғанын қалайтынын жеткізді.
Бұған дейін кореялық актрисаның отбасы блогерлер мен БАҚ-ты оның өзіне қол жұмсағанына кінәлаған еді.