Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каримовтің сырқат екені ресми хабарланды

Өзбекстан президентінің ауруханаға түсіп, оны “емдеу шараларының біразға созылатыны” жария болды.

Uzbek counterpart Islam Karimov addresses a press briefing after their meeting in Riga, Latvia, on October 17, 2013. AFP PHOTO / ILMARS ZNOTINS

Фото: mgorod.kz

Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

Өзбекстан үкіметі президент Ислам Каримовтің науқастанып, ауруханаға түскенін мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сәйкес жергілікті дәрігерлер Каримовті “медициналық тексеруден өткізу мен емдеу шаралары біразға созылатынын” айтқан.

Соңғы күндері Өзбекстан президентінің қатты ауырып қалғаны туралы бейресми хабарлар тараған болатын. Азаттықтың Өзбек қызметіне сенбіден бастап Каримовтің қатты сырқат екені туралы ақпарат түсе бастаған.

Бейресми хабарларда Ислам Каримовтің қандай дертке ұшырағаны туралы ашық айтылғанымен, оның диагнозы туралы толыққанды мәлімет жоқ. Өзбекстан үкіметі президент Каримовтің денсаулығы туралы қысқаша болсын бірінші рет мәлімет беріп отыр. Бірақ ақпарат кеңістігі жабық болғандықтан авторитарлық режим орныққан елден толымдырақ хабар алу мүмкін болмай тұр.

Президент Каримов соңғы мәрте тамыздың 17-сі күні мемлекеттік телеарнадан көрініп, Оңтүстік Кореяның ішкі істер министрін қабылдаған. Ол қыркүйектің 1-і күні Өзбекстанның Тәуелсіздік мерекесінде көп алдына шығады деп жоспарланған.

Ислам Каримовтің саяси мұрагері анық аталмаған. “Мұрагері болуы мүмкін” деп саналған үлкен қызы Гүлнара Каримова соңғы жылдары Еуропа мен Өзбекстанда жемқорлыққа қатысты қылмыстық дауға ілініп, үйқамаққа алынып, тергеліп жатыр. Ешқашан әділ әрі ашық сайлау өтіп көрмеген елде Каримовтан соң ұзақ мерзімді тұрақтылық сақтау қиын бола ма деп алаңдаушылар бар. 30 миллион тұрғыны бар Өзбекстан – Орталық Азиядағы халық саны бойынша ең ірі мемлекет.

78 жастағы Каримов Өзбекстанды 1989 жылдан бері басқарып келеді. Ол Совет Одағы құлаған соң 1991 жылдың тамыз айында тәуелсіздік жариялап, 90 пайыз дауыспен президент болып сайланған. Ислам Каримов содан бері билігін көбіне референдум арқылы созып келеді. Елдегі саяси оппозициядан жұрнақ қалмай, тәуелсіз БАҚ-тар түгел жабылған.

Бұған дейін Өзбекстан президентінің ауырып қалғаны туралы шағын хабарлама жарық көрген еді.

Талқылау