Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кәрімовтің қазасына көңіл айтып барған Назарбаев Өзбекстанға астық сату мәселесін де шешіп келген

Ақмола облысының астықты алқаптарын аралап, диқандарымен дидарласқан Нұрсұлтан Назарбаев бүгін осылай деді. Бітік шыққан егінді көріп марқайған Елбасы, елді дағдарыстан алып шығатын саланың бірі де осы ауыл шаруашылығы екенін айтты. Бұл туралы КТК хабарлайды.

12865619

Фото: akorda.kz

Жыл сайын шет елге тасымалдайтын астық көлемін арттырып келеді. Яғни, биыл Қытай, Иран және Парсы шығанағы елдері де қазақтың бидайын сатып алуға құлшынып отыр. Сондықтан, Елбасы егістік алқабтарының басы қасында өзі жүр. Диқандармен кездесіп, биылғы өнімді көрді.

“Жағдай жақсы” деп айтуға болады. Біз енді 20 миллион тоннадан артық астық жинаймыз деп отырмыз. Сапасы да жақсы, шығуы да жақсы. Енді уақытында жинап алу керек. Қазірдің өзінде егіннің 65 пайыздан астамы жиналды”, – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Егістікті көріп, бір марқайып қалған Назарбаев кейін қиын-қыстау кезеңдерді, әсіресе, тәуелсіздік алған жылдары бидай егудің оңай болмағанын еске алды.

“Осындай механизатормен сөйлескенде: “олар менен темекі бер?” деп сұрайтын. Қалтамда алып жүретінмін өзім шекпесем де соларға берейін деп. Қант жоқ дейді, дүкендерде ештеңе жоқ кез еді”, – деді президент.

Ал, қазір егін егу елдің негізгі кәсіптерінің бірі. Әлемнің озық техникалары астықты жылдам егіп, жылдам жинап алуға мүмкіндік беріп отыр. Жетістіктерді тізе келе президент дағдарыстан шығатың күннің де жақындағанын айтты. Сөйтіп, қазақ елі 2020 жылы молшылықта өмір сүретініне сенімін білдірді.

“Қазір барлық жерде дағдарыс. Бұдан тек келер жылдан бастап біртіндеп шыға бастаймыз. Құдай қаласа, 2020–шы жылдан бастап жағдайымыз жақсара бастайды. Құрбан айтта Ташкентке барғанда көңіл айтып бардым бір жағынан. Екінші жағынан астықты шығару жағын келістік. Сондықтан астық болса, астықты сатсақ жақсылап, өзімізді-өзіміз қамтамасыз етсек, әл-ауқатымыз барлығы жақсы болады”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондықтан Елбасы шаруаларды босаңсымауға шақырды. Өйткені, қазір көрші Ресейдің де өнімі молынан шығып, бәсекелестік туып отыр. Сондықтан бірінші кезекте астықты шашпай-төкпей, қар астында қалдырмай тезірек жинап алу керек. Бұл ретте синоптиктердің де болжамы көңіл көншітіп отырған жоқ. Алдағы апта жауынды болады деп күтілуде.

Талқылау