Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаражыра көмірінің құны шарықтаған: Петропавл тұрғындары тексеріс жүргізуді сұрайды

Еліміздің солтүстігінде қақаған қыстың ортасында көмірдің бағасы қымбаттады. Сұранысқа ие Қаражыра отынының құны да бірден шарықтаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындар қара отынның бағасы биыл үшінші мәрте өскенін айтады. Монополияға қарсы департамент шұғыл тексеріс жүргізді. Егер тасымалдаушылар мен делдалдардың бағаны қолдан өсіргені анықталса, айыппұл салынады.

"Қаражыра" – Петропавлдағы көмір сататын жалғыз орын. Бір күн бұрын 16 мың теңге тұрған қара отынның бір тоннасы 17 мың 200 теңгеден саудалана бастапты. Сондықтан тұрғындар аяз басталғанда бағаны өсіріп жіберген делдалдарды жауапқа тартуды сұрайды.

“Қазір аяз қатты, көмірге сұраныс артты. Үйді жылыту үшін енді қанша теңге болса да, алуға мәжбүрміз”, – Петропавл тұрғыны Сергей Лукин.

Қаражырадан басқа көмір түріне баға әлі өзгере қоймаған. Өйткені өткен жылғы тапсырыстар әлі ескі бағамен келіп жатқан болуы мүмкін дейді. Бірақ мамандар жуық арада олардың да бағасы қымбаттауы ықтималдығы жоғары екенін айтады. Өйткені қара отынның кез келген түрі бір теміржолмен тасымалданады.

Бағаны тасымалдаушы "Қазақстан Темір жолы" көтеріп жіберді. Олар көмір тасымалдау тарифінің қымбаттағанын айтады. Бізге осы шығындарды жабу үшін бағаны қосуға тура келді. Үстінен пайда көру үшін артық ақша қосып жатқан жоқпыз”, – деп түсіндірді көмір сату орнының қызметкері Елена Блодинина.

Бірақ теміржол операторы жаңа жылдан бастап тарифтерінің бағасы өзгермегенін айтады. Ал тасымал қызметіне басқа бірнеше фактор әсер етуі мүмкін дейді.

“Теміржол тарифі деген ұғымға басқа да жеке тұлғалардың немесе кәсіпорындардың қатысы бар. Вагон операторлары, трейдерлер бар. Олардың бәріне жауап бере алмаймыз. Бірақ біз көрсететін қызмет бойынша теміржол тарифі көтерілген емес”, – деді "Қазақстан темір жолы" ҰК жүк тасымалы ЖШС өкілі Саят Бекетов.

Ал жергілікті билік қымбатшылықтың себебін анықтау үшін монополияға қарсы департаментке шағым жолдаған. Тексеріс қорытындысы бір айдың ішінде жарияланады.

Қырмызы Скендирова
Жұма, 13 Қаңтар, 2023 07:32
Талқылау