Қаражат бөлудің орнына сөгіс жариялаған: Атырауда төбесі құлаған мектептің директоры жауапкершілікке тартылды
Атырауда төбесі құлап, балаларға қауіп төндірген мектептің директоры қатаң сөгіс алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Атырау қаласындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №30 мектеп-гимназиясының төбесіндегі гипс қаптамалары құлап, мектеп оқушыларына қауіп төндірген болатын. Осыған байланысты мектептің екі мыңнан астам оқушысы үйлеріне жіберіліп, мектеп уақытша қашықтықтан оқытуға көшкен. Алайда қоғамдық шу шыққаннан кейін, апатты төбеге қарамастан, балалар қайтадан мектепте оқып жатыр.
“Білім беру басқармасы жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеріс жүргізілді. Мектеп басшысына "сөгіс" түрінде шара қолданылды. Мәселе қатаң бақылауда болады”, - деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Қазір мектепке техникалық қорытынды негізінде жөндеу-сметалық құжаттамасы дайындалып, соған сәйкес шатырға күрделі жөндеу жүргізіледі.
Еске салсақ, бұған дейін Атырауда мектептің төбесі құлап, оқушыларға қауіп төндіргені жайлы айтылған болатын.