Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қараудың өзі жиіркенішті": Мұғалім хиджаб киген оқушыларды тұрғызып, сөгіс жасаған (видео)

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде тараған видеода сыныпта тақта алдында сегіз оқушы хиджабпен қатар тұрғызылғанын көруге болады. Ақпарат көздері видео Қазақстан мектебінде түсірілген дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Сұлу қыздар, сабақ соңында мүлде есірдіңдер… Мені, ата-аналарын елеп тұрған жоқ. Сабақ кезінде мектеп формасын кию керек деп айтылды ғой. Міне, қалай әдемі, иә? Сендерге қараудың өзі жиіркенішті, кешіріңдер, әрине. Маған қалай сыйластық танытсаңдар, мен де солай жауап беремін", – дейді мұғалім кадр сыртында.

Видео желіде тез тарап, қызу пікірталас туғызды. Пікір жазғандар мұғалімнің сөзі мен әңгіме мәнерін сынға алды. Оқу-ағарту министрлігі жариялаған мәлімдемесінде әлеуметтік желілерде көрсетілген жағдай Қазақстан мектептері мен білім беру жүйесіне қатысы жоқ екенін айтты.

"Сонымен бірге оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қатысты қолданыстағы талаптарды еске салуды маңызды деп санайды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында міндетті мектеп формасы туралы барлық қажет құқықтық негіздер бекітілген", – делінген хабарламада.

Тиісті бұйрықта қыздар мен ұлдар үшін киім үлгісі анықталған. Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы оқу процесінің зайырлы сипатына сәйкес келеді.

Киім үлгісі классикалық болуы керек, түстер гаммасы – тыныш, айқын емес реңктерде және үштен көп түсті біріктіруге жол берілмейді.

Сонымен бірге "Талаптардың" 13-бабына сәйкес, мектеп формасына әртүрлі діндерге тән киім элементтерін қосуға жол берілмейді.

"Ата-аналар мектеп ережесін және бекітілген талаптарды сақтау міндетін атқаратынын атап өту маңызды. Бұл міндеттемелерді орындамау заң бойынша жауапкершілікке, соның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша, әкеледі", – деп нақтылады министрлік.


Қазақстанда хиджабқа тыйым салынған ба? – Ішкі істер министрлігі жауап берді


Қазақстанда мұғалім хиджаб кигені үшін мектепке жұмысқа тұра алмаған


Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушылары мектеп формасын сақтамаса, олардың ата-аналары жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Бұл талап тек хиджабқа қатысты емес, барлық мектеп формасына және тәртіпке қатысты. Министр мектептердің өз ішкі ережелеріне сәйкес форманы қатаң бақылауы керегін және ата-аналарды заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартуға болатынын атап өтті.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 10 Қыркүйек, 2025 16:20
Талқылау