Қарапайым заттар экономикасы: сапалы білімге салынған инвестиция
Соңғы жылдары елімізде білім сапасы артып келе жатқаны байқалады. Оған отандық оқушылардың түрлі әлемдік додаларда үздіктер сапынан көрінуі дәлел. Шәкірттердің осы және өзге де жоғары жетістіктерге жетуіне мемлекеттік бағдарламалардың оң ықпалы зор.
Соның айқын дәлелі әрі жарқын көрінісі – "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының көмегімен есігін айқара ашқан International school Astana мектебі.
Аталмыш компанияның білім беру саласында тәжірибесі мол. Алғаш рет осыдан 14 жыл бұрын бас қалада жекеменшік балабақша ашып, бүлдіршіндердің саналы тәлім-тәрбие алуына мүмкіндік жасады. Араға бес жыл салып мектепке дейінгі білім берудің екінші мекемесінің жұмысын бастады. Осылайша, екі балабақшаның жұмысын оңтайлы үйлестіру нәтижесінде елордалық балғындарға жайлы жағдай жасады.
Балаларын осы мекемелерге беріп, тәрбиешілердің жұмысын жоғары бағалаған ата-аналар қауымы балабақшадағы білімді ары қарай жалғастыру үшін мектеп салуды сұрай бастады.
Себебі бүлдіршіндердің заманауи бақшадағы тәлім-тәрбиесін сол жүйенің оқу ордасында жетілдіріп, ұштай түскені маңызды еді. Бірақ бастапқыда бірнеше жағдай оған қолбайлау болды. Айталық, жаңа мектептің құрылысы үшін кең жер учаскесі, қомақты қаржы керек еді.
Қуанышқа орай, 2019 жылы Астана қаласының әкімдігі жер учаскесін бөлу туралы хабарландыру жариялады. Инвестициялар жөніндегі комитет сол аумақта жүзеге асуы тиіс жобаларды саралады. Бұл ретте мемлекеттің инвесторларға деген талабы жоғары болғанын атап өтпеске болмас. Жер телімін тегін алған компания жобасын аз уақыт аралығында, сапалы түрде сәтті іске асыруы тиіс еді.
International school Astana мектебінің құрылтайшысы әрі директоры Арман Бримжанов мұндай оңтайлы мүмкіндікті қалт жіберуге болмайды деп шешті. Сөйтіп, бағы жанып, 2020 жылы жер телімін ресімдеп, құрылыс жұмысын бастады.
Жер мәселесі шешілгенімен, құрылысқа қажет қаржының жағдайы ашық күйінде қалды. Сол тұста да компания мемлекеттің қолдауына иек артты. "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында RBK Bank арқылы 600 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Бұл қаражат құрылыс жұмыстарына жұмсалды.
"Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары екені жасырын емес. Сондықтан кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауға зәру. Қазір біз осындай қолдаудың нәтижесінде несиенің тек 6%-ын төлеп отырмыз. Оған қоса, алғашқы жылы негізгі қарызды емес, тек пайыздық мөлшерлеменің сомасын өтедік. Мұның барлығы кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Банк пен мемлекеттің қаржылай қолдауы болмаса, мектеп ғимаратын сала алмас едік", – дейді Арман Бримжанов.
"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы жұмысының нәтижесінде 2022 жылы Астанада жаңа жекеменшік бастауыш мектеп балаларды қабылдай бастады. Былтыр мұнда 220 бала білім алып, оларға 30-ға жуық педагог сабақ берсе, биыл шәкірттердің саны 420-ға жетті. Ұстаздардың қатары да шамамен екі есе артты.
Айта кетейік, "Қарапайым заттар экономикасы" халық тұтынатын әлеуметтік маңызды тауарлардың импортын алмастыру үшін жасалған. Бағдарлама өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерді қолдап, бәсекелестікті күшейтіп, отандық өнімді дамытуға бағытталған. Ең бастысы, еліміздің импортқа деген тәуелділігін жою.
Қазір бағдарламаға 10 ірі банк пен Аграрлы несие корпорациясы қатысуда. Аталған бағдарламаны қаржыландыру Ұлттық Банктің еншілес ұйымы – "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ арқылы белсенді түрде іске асырылып келеді.
Бағдарлама аясында банк беретін несие пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.
Осылайша, отандық кәсіпкерге жаңа іс бастауға немесе қолда бар өндірісті кеңейтуге мүмкіндік жасалған.
Қазақстанның орнықтылық қоры "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының арнайы сайтында іске қосқан болатын. Онда бағдарламаға қатысты толық мағлұматтар мен несиелеу шарттары, қажетті мерзімге несие сомасын есептеуге арналған калькулятор бар.