"Карантинде шынайы талант иелері ақшасыз қалған жоқ": Қызылордада жеті баланың анасы асаба болып, той басқарып жүр
Әдетте "асаба" дегенде, тойға жиналған қауымды басқарып, мерекелік көңіл-күй сыйлайтын ер кісіні көз алдымызға елестететініміз рас. Алайда соңғы уақытта осы өнерді игеріп, асабалық қызметті мінсіз атқарып жүрген нәзік жандыларды да кездестіріп жүрміз. Солардың бірі – қызылордалық асаба Қуаныш Ахметқызы. Көп балалы ана атадан келе жатқан дәстүрді қайта жаңғыртып, әрлеп келеді. Көп жылдан бері ән айтып, тойдың көркін қыздырып жүрген асабамен Stan.kz тілшісі сұхбаттасқан еді.
- Қайырлы күн, Қуаныш Ахметқызы. Өзіңізді сайт оқырмандарына жақынырақ таныстырсаңыз?
- Қайырлы күн. Мен Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келгенмін. Бала кезімнен өзім өнерге, ән айтуға жақын болып өстім. Әкем ауылдың әкімі болған кісі. Оқушы кезімде үйімізге талай талант иелері келетін. Мәдина Ерәлиева, Роза Бағланова, Нұрғали Нүсіпжанов секілді өнер жолындағы кісілердің батасын алғанмын. Мәдина апамыздың баян тартқанын көріп, қатты таңғалғаным есімде. Кейін мен де осы аспапта кәсіби түрде ойнауды үйреніп алдым. Бүгінде 20 жылдан астам уақыт асабалық қызметімді жасап келемін. Үйлену тойын, "Қыз ұзату", "Тұсаукесер", туған күн кештерін жүргіземін. Қызметіме сұраныс жоғары деп айта аламын. Өзім жеті баланың анасымын. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Көп балалы ана болғандықтан, халық көбіне "Беташар" және "Қыз ұзатуды" жүргізуге шақырады. Күйеуім де өнер саласының қызметкері. Ең бастысы көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрмін. Өнер адамы үшін бұл ең үлкен бақыт.
- Әйел бола тұра, той басқару қиын емес пе? Өз қуанышын сізге сеніп тапсыратындар көп пе?
- Негізінен асабалық қызмет көп адамның қолынан келе бермейді. Бұл үшін бойында табиғи талант болуы керек. Асабалықтың арнайы оқуы жоқ. Жаратқан Иеміз бойымызға дарын берген соң, осы кәсіппен бала-шағаның нәпақасын тауып жүрміз. Сын айтатын да, мін айтатын да – халық. Осы уақытқа дейін маған ренішін білдіріп, қызметіме көңілі толмаған азаматтар болған емес. Үлкен кісілердің батасы мен ризашылығын алып жүрміз. Бұл салада үнемі ізденіс керек. Жан-жақты біліміңді толықтырып отыру маңызды. Той үстінде өсиет айтатын да, қалжың айтатын да сәттер болады. Асаба тұнып тұрған талант болуы тиіс деп ойлаймын. Халықты басқару қиын емес. Айтатын әңгімең салиқалы болса, мойын бұрып, құлақ қойып тыңдайтындар табылады.
- Өзіңіз жеті баланың анасысыз. Үлкен әулеттің келінісіз. Ата-енеңіздің кәсібіңізге деген көзқарасы қандай?
- Мен керейт елінің келінімін. Өкінішке қарай, ата-енем ертеректе бақилық болған кісілер. Дегенмен, қайын жұртым бар. Үлкен қайын ағаларымыз бен апаларымыз бізге өнеге болып отыр. Қолымнан келгенше, жолымнан жығылмауға тырысамын. Әулетімізде болатын той-томалақтардың барлығын өзім басқарамын. Талай қайын інілерімді үйлендіріп, қайың сіңлілерімді ұзаттым. Әрбір той тамадаға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол себепті бар күш-жігерімді жұмсап, тер төгемін.
- Сіз де, күйеуіңіз де өнер адамысыздар. Балаларыңыздың арасында сіздердің жолыңызды жалғағысы келетіндері бар ма? Жалпы бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлесіз?
- Менің жеті баламның екеуі – ұл, бесеуі – қыз бала. Үлкен ұлым Нұр-Сұлтанда жұмыс жасайды. Екінші қызым заң саласының маманы, қалғандары әзірге мектеп оқушылары. Егер балаларымның арасында болашақта өнерге бет бұрамын дейтіндер болса, біз қолдау білдіруге дайынбыз. Өнер адамы болу оңай емес. Балаларымыз осыны жақсы түсінеді деп ойлаймын.
Күйеуім екеуміз бала тәрбиесіне үлкен көңіл бөлеміз. Бала – болашағымыз, бала – ата-анасының айнасы. Балаларымызбен ашық, емін-еркін сөйлесуге тырысамыз. Кез келген жағдайда, бірінші кезекке отбасымызды қоямыз.
- Қуаныш Ахметқызы, қалай ойлайсыз қазіргі жас асабаларға қандай қасиет жетіспейді? Той жүргізу неге сапасыз болып бара жатыр ?
- Қазіргі жастарға білім жетіспейді. Көп жас асабалар әдеби кітаптың бетін ашып оқымайды. Арзан әзілге жақын болып бара жатыр. Мәдениеттілік, білімділік жетіспей жатады. Кейбір жастар асабалықты тек пайдасы жоғары кәсіп деп қана қарап жүр. Бұл дұрыс емес. Мұндай асабалар ұзаққа бармайды. Халық арзан әзілден, фонограммадан шаршаған. Оның үстіне Сыр елінің халқы өнерге келгенде өте талапшыл. Кейбір кезде жас асабаға келіннің бетін аштырып жатады. Бұл үлкен қателік. "Беташарды" орта жасқа толған, өмірден түйгені бар адам жүргізуі тиіс деп санаймын. Ең өкініштісі, кейбір жас асабалар сын қабылдай алмайды. Сөз байлығы төмен әріптестерімізді де көзіміз шалып жүр.
- Карантинде ақшасыз қалған жоқсыздар ма?
- Өткен жылдан бері тойханалар мен мейрамханалар жабылып қалды. Бірақ карантин жеке өзіме қатты кері әсерін тигізді деп айта алмаймын. Жанды дауыста ән айтатындықтан, баян мен домбырада ойнайтындықтан қаржысыз қалғаным жоқ. Кішігірім той-томалақтарды басқарып жүрміз. Көбіне карантин кезінде фонограммамен өлең айтып, ән жаздыратындар табыссыз қалды.
- Сұхбатыңызға рақмет!