Карантин кезінде ораза ұстауға бола ма және оның ерекшеліктері қандай - Алматының бас имамы жауап берді

Коронавирус жайлап тұрғанда ораза ұстауға рұқсат па, карантин уақытында ауызашар беруге бола ма, қандай мәселелерді ескерген жөн? Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқаймен байланысып, биылғы Рамазан айындағы ораза ұстау тәртібі туралы сауалдарды қойды.

–    Еркінбек мырза, биылғы ораза несімен ерекшеленеді?

–    Ораза ұстау, ашығу және шөлдеу тұрғысынан қарағанда әр жылғы ораза – сол ораза. Бірақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мұсылманның бір күні екінші күніне ұқсаса, ол зиян» деген. Біздің биылғы оразамыз былтырғы оразамыздан ықылас, ниет, тақуалықта артық болмаса, онда бізде ешқандай ерекшелік жоқ деген сөз. Сондай-ақ, елдегі карантиндік жағдайға байланысты, биылғы оразаның көзге ұратын бір айырмашылығы ретінде мұсылмандардың тарауық намазы мен ауызашарын өз үйлерінде өткізетінін айтуға болады. Алайда, бұл Рамазан айының соңына дейін жалғаспайды деп үміттенеміз. Алладан карантиндік кезеңнен ертерек шығуды тілейміз.    

–    Асқа қаншалықты көңіл бөлген дұрыс? Дастарханда қандай тағамдар тұруға тиіс? 

–    «Ас – адамның арқауы», «Ас тұрған жерден ауру тұрмайды» деген атам қазақ қашан да дұрыс әрі уақытылы тамақтануды және асыл дініміз рұқсат еткен адал өнімдерді ғана қолдануды өмірлік дағдысына айналдырып, ұрпағына ұлағат еткен. Сондықтан біз де ата жолдан танбай, денсаулығымызға зияны аз, күмәнді қоспаларсыз, пайдалы азық-түлік пен тағам түрлерін тұтынғанымыз абзал. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Біз қарнымыз ашқанша тағам жемейтін, тамақтанғанда қатты тойып жемейтін халықпыз» – деген.



Сондықтан ораза кезінде сәресін ішкенде, ауызды ашқанда қатты тойып тамақтанбаған абзал. Біздің кейбір бауырларымыз кешке дейін қарным ашып қалмасын деп сәресіде артық жеп, ауыз ашқанда қомағайланып жатады. Соның кесірінен асқазанның жұмыс жүйесі бұзылады. Тіпті болашақта асқазаны мүлдем ораза ұстауға жарамай қалуы да мүмкін. Сондай-ақ, әрине, күнделікті дастарханымызда Алла Тағала тыйым салған тағамдардың тұрмауын қадағалап, Алланың біз үшін адал еткен нығметтерін игілігімізге жарата білсек деймін.  

–    Ауыз бекіткен кісілерге ауызашар беру дәстүрі бар. Яғни, ауызашар жасау Рамазан айының айнымас бір бөлігі. Биыл ауызашар өткізбеген дұрыс па? 

–    Әрине, қазақ болғасын сағындырып жеткен қасиетті Рамазан айы келгенде бір-бірімізді қонаққа шақырып, ауызашыр беруге асығып тұрамыз. Асыл дінімізде де Алланың разылығы мен сауабын үміт етіп ораза тұтқан адамға ауызашар беру үлкен сауапты іс болып саналады. Тіпті Зәйд ибн Халид әл-Жуһайнидің (р.а.) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның сауабындай сауапқа ие болады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», – деп ауызашар беруге ынталандырған. Бірақ, биыл әлем халықтарын үрейге салған жұқпалы дерттің күн санап асқынуы салдарынан біздің елімізде де төтенше жағдай орнағаны белгілі. Осыған орай, елімізде уақытша жиын-тойлар өткізуге, ас беруге, адамдардың шоғырлануына, тіпті мешіттерде жамағат болып құлшылық етуге уақытша тыйым салынды. Әрине, бұл азаматтарымыздың денсаулығын сақтау мен жұқпалы індетті ауыздықтау үшін жасалған дұрыс шешім деп білеміз.Осыдан бірнеше күн бұрын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы  жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтын және мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда, т.б. мекемелерде жиналып ауызашар беруге уақытша болмайтынын жеткізді. Сондықтан қасиетті Рамазан айында ораза тұтқан бауырларымыз өз үйінде ауыз ашқаны дұрыс. 

–    Рамазан айы карантин уақытында басталады. Осыған байланысты ораза ұстау кімдерге міндетке қойылмаған?

–    Жалпы дінімізде жолаушыға еліне жеткенше, науқасқа сырқатынан жазылғанша, жүкті немесе емізулі баласы бар әйелге босанып және баласын омыраудан ажыратқанша ораза ұстамау рұқсат етілген. Сол секілді карантин уақытында жұқпалы дертке шалдыққан адам да ораза тұтса әлсіреп, иммунитеті төмендеп, жұқпалы дерті асқыну қаупі байқалатын болса, оған да уақытша ауыз бекітпеуге болады. Бірақ олар кейіннен тұтпаған оразасының қазасын өтеуі тиіс. Балиғат жасына жетпеген балаларға ораза міндетті емес. Сонымен қатар жасы үлкен ораза ұстауға шамасы келмейтін денсаулығы нашар қарт кісілерге, созылмалы ауруға душар болған тұлғалар да оразаны ұстамауына рұқсат.Қандай жағдайда болса да, мұндай кісілер сенімді дәрігерге жүгініп, ораза ұстауға байланысты кеңес алғаны дұрыс. Сосын ғана оразаны ұстау немесе ұстамауға қатысты шешім қабылдаса жөн болады. Алайда олар оразаның ақысын өтеуі үшін 30 күн бойы бір міскінді тамақтаныруы немесе сол көлемдегі ақшасын беруі керек. Бұл өтемді «фидия» деп атайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылға кісінің бір күндік тағамының ең төменгі бағасын шығара отырып фидия мөлшерін 1700 теңге деп бекітті. Осыны отызға көбейтіп төлесе оразасының ақысы өтеледі. 

–    Ораза ұстаушыларға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

–    Алла Тағала Құранның «Бақара» сүресінде: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай...» дегендей, бұл айда шынайы ниетпен күндіз ораза тұтып, түнді құлшылықпен, Құран оқумен өткізуіміз керек. Ораза деген үлкен сабыр мен тағылым мектебі. Осы бір айлық мүмкіндікті пайдаланып, адам баласы өзінің бойын тіктеп, жан-дүниесін сабыр, жұмсақтық, имандылық, қайырымдылық, ізгілік сынды жақсы қасиеттерге баулығаны жөн. Сонымен қатар, еліміздегі барша ораза ұстаушыларды ел басына келген сынақтан аман-есен өтуді, ел іргесінің бүтіндігі мен жұртымыздың тыныштығын Жаратушыдан тілеп, дұға етуге шақырамыз.

–    Ауыз бекіткен адам неден өзін ұзақ ұстап, не нәрсеге жақын болғаны дұрыс?

–    Ауыз бекіткен адам сауапты амалдарға, жақсылыққа, қайырымдылыққа, ізгі ортаға жақын болғаны дұрыс. Сондай-ақ, ауыз бекіткен адам дінімізде жек көрілген, ұнамсыз, күнәлі сөздер мен істерден, ғайбат пен жаман ойлардан, оразаны бұзатын амалдар мен ораза тұтышыны әлсірететін әрекеттерден бойын аулақ салғаны дұрыс. Себебі, мұндай жаман істер ұстаған оразаның сауабын кемітіп, адамды тек аштық пен шөлге қалдыруы мүмкін. Алла Тағала алдағы Рамазан айын елімізге, жерімізге және әрбір отбасыға берекелі қылсын. Ораза ұстаған жанның амал-ниеті қабыл болсын!

 

Дайындаған: Анар ДӘУКЕН
 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр