Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қаралағаным үшін өкінемін": Жан Ахмадиев “Ninety one” тобынан кешірім сұрады

Жан Ахмадиев 91 тобынан кешірім сұрадыФото: Видеодан скриншот

Танымал блогер Жан Ахмадиев Qazaq Airan-ға берген сұхбатында “Ninety one” тобының мүшелерінен кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгінде блогердің “91” тобына қатысты ойы өзгерген. Оның сөзінше, ол топ мүшелерінің сырт келбетін ғана көріп, шығармашылығына мән бермеген.

“Қазір ойым өзгерді. Егер “91” тобының жігіттері мені көріп отырса, олардан кешірім сұраймын. Ол кезде ер адамның шашын бояу секілді істеп жүрген дүниелері бізге ерсі көрінді. Менің бір қателігім, бассыздығым деп айтайын, мен олардың сырт келбетін сынап, өнерлеріне, әндерінің мағынасына мән бермеппін. Қарапайым тілмен айтқанда, мен олармен үстіртін танысып, “Болмайды, бұларды құрту керек, бұлар біздің елге, қазақ ұлтына жат” деп айтыппын. Оларды сұхбатқа шақырып, “Абай жолын” оқыдың ба?” деп сұрақ қойып, оларды жаңылыстыруға тырысыппын. Кез келген адам “Абай жолын” оқыдың ба?” деп сұраса, қателеседі деп ойлаймын. Оларға арнап клип шығардым. Уақыт өте келе әндерінің мағынасына мән бере бастадым, оған қоса, салыстырмалы түрде қарасақ, кезінде “Ninety one” тобыны қарап, шок болып едік, қазір Амилай, Нико Нет секілділер де жүр ғой. Қазір ойым өзгерді. Олар Қазақстанға бұрын-соңды болмаған жаңа леп, стиль алып келді. Сондықтан өткен өмірде қаралағаным үшін өкінемін және кешірім сұраймын”, – деді ол.

Ол “91” тобының жігіттері өнер жолына қадам басқанда бәсекелестік көп болғанын, сондықтан олар сырт келбеті арқылы назар аудартқанын айтты.

“Мен оларды түсінемін. Егер олар “Музарт” секілді сахнаға костюм-шалбармен шықса, оларды ешкім танымайтын еді. Олар шаштарын бояп, сырға тағуға мәжбір болды деп ойлаймын. Өйткені ол уақытта конкуренция көп болды, бұл өздеріне назар аудартудың бір әдісі болды деп ойлаймын. Қазір оларды бәріміз көріп жүрміз ғой, боянып, сырға тағып, осы уақытқа дейін қызтеке болып кетпеп пе? Жоқ, бәрі жақсы”, – деді ол.

Сондай-ақ Жан Ахмадиев продюсер Баян Мақсатқызы туралы ойы өзгергенін айтып, әйел қауымынан кешірім сұрады.

“Темір қатын” деген әнімді Баян Мақсатқызына арнап шығарғанмын. Ол кісі ренжіді. Ол кезде бұрқанып тұрған кезім ғой, жас кезім десем де болады. Қазір ойым өзгерді. Біздің елде шынымен де әйелдер бағаланбайды. Ал ер адамдар ез болып кетті, әйелдерді сабайды, тепкілейді. Қазір мен күллі әйел қауымынан бас иіп кешірім сұраймын. Өткен іс, өтті, қателестім, қатемді мойындаймын. “Әйелдерді аптасына бір рет сабап тұру керек” деп айтқан Жан Ахмадиев қалды қазір. Мені асырап алған ғой, анам тастап кетен. Содан кейін менде әйелдерге деген жеккөрініш сезім қалып қалған секілді. Қазір психологтар солай айтады ғой”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін блогер Жан Ахмадиев атышулы Олжас Байділдиновті жекпе-жекке шақырғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 02 Желтоқсан, 2025 14:59