Қарақшылық шабуыл: Ақтөбе облысында қаскөйлер жүк тасып жүрген жүргізушіні өлтіріп кетті
Ақтөбеде ауыр көлік жүргізушілеріне шабуылдар жиіледі. Белгісіз біреулер жол бойында жүк көлігінің жүргізушісін атып кеткен. КамАЗ-ды тізгіндеген тұрғын бетіне тиген бытырадан сол жерде мерт болған. Жалпы, осы аймақта қазір жүк көлігінің жүргізушілері кешқұрым жолға шығуға қорқатын болған. Өйткені бұл бетперде кигендердің көлікке жасаған алғашқы шабуылы емес, деп хабарлады КТК.
Қарақшылардың қолынан қаза тапқан Валерий Морозовты жақындары кеше жерледі. Оны Ақтөбеге 30 шақырым қалғанда көлігінде атып кеткен. Тура көздеп атқан оқтан бетінің сау-тамтығы қалмапты. Қоштасу рәсіміне қатысқан көршілері оның жүзін көре алмағандарын айтады.
«Тіпті, есімізден танып қалдық. Көлік айдап әкеледі екен. Содан Мәртөк жақтан шыққан соң өлтіріпті ғой»,-деді марқұмның көршісі Жаңылсын Бейсеуова.
Марқұмның туыстарының ешкіммен тілдескісі жоқ. Өйткені «қарақшылар үйімізге келіп қырып кетеді» деп қорқып отыр. Бұл қарақшылардың жол бойындағы көлікке жасаған алғашқы шабуылы емес. Осыдан екі апта бұрын да бетперде кигендер қырғыз жеріне бет алған шағын автобусқа оқ жаудырған еді. Сол кезде көлік ішінде болған Ресей азаматы жарақат алды. Оның ақшасы мен алтын бұйымдарын қолды қылған.
Қазір жүк көлігінің жүргізушілері Ақтөбе облысының аумағында түнде жолға шығуға қорқады. Реті келсе қалаға түнеуге тырысады немесе әріптестерімен байланысты үзебейді. Өйткені қарулы қарақшылардың бар екенін олар да растап отыр.
«Мұндай жағдайдан кейін, әрине, қорқамыз. Түнде Ақтөбеге қонып шықтық. Басымыздың амандығын ойлаймыз. Рация арқылы әріптестермен жолдағы жағдайды сұрап отырамыз»,-дейді көлік жүргізушісі Игорь Шилицын.
Айта кетейік, жол бойын торуылдаған қарақшылар әлі ұсталған жоқ. Қырғызстандық көлік жүргізушсінің айтуымен бір күдіктінің фотороботы жасалған. Соны тәртіп сақшылары жан-жаққа таратып жатыр. Ал кешегі болған адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалыпты.