Қарақат Әбілдина: Кенжем туғанда екі түйіншектен аман шыққан ерекше қыз
Қарақат Әбілдина кенжесіне жүкті кезінде азапты ауыр күндерді бастан кешкенін айтты. Індет жұқтырып өзі бір ауырып тұрған шақта анасынан қазасы екі есе соққы болған. Әнші үрей мен қорқыныштан соң өмірге келге кенже қызын батыр қызға теңеді.
Әнші жүкті кезінде жақсылар өмірден өтіп, жақындарының қазасын өткерді. Перзентімен бірге жылап, бірге уайымдаған.
“Аласапыран кезде дүниеге келген ботам менің! Сен құрсағымда жатқан кезде анашыңа оңай болған жоқ. Аты өшкір індет жағалай жалмап, жақсыларымыздан айырып, үрейімізді қашырды. Ешқайда шықпай үйде отырған бізді де айналып өтпеді. Дәм сезбей,тынысым тарылып тұншыққан кезде өзімді емес сені ойлап,сені уайымдадым.
Қапияда Анашымнан айрылып қайғыдан қарыс айырылған сәтте де жүрегің менімен бірге соқты. Бірге жыладық, бірге көрдік. Ол сезімнің ащы дәмін екеуіміз ғана таттық. "Үйде бола бер", "Поликлиникаға келме" "қауіпті” деген дәрігерімнің сөзінен кейін сенің денсаулығыңа алаңдай бердім.
Жаман ойдан сақтандым. Жаратқанымнан жарылқау тілеумен болдым”, – деп жазды әнші.
Әбілдинаның айтуынша, дәрігерлер өмірге ерекше қыз бала өмірге келгенін айтып сүйінші сұраған. Мұны анасы “перзентім, көп жасайды” деп ырымдады.
“Сол кезде бақша еккеніміз қандай жақсы болған көп уақытымыз бақшамызды қызықтаумен өтіп жатты. Жемістердің піскен уақыты ғой.
Ұлдар арам шөбін жұлып суғарса, Аялёка екеуіміздің жұмысымыз піскен жемістерді жинау болды. Кезек қызанақтарда. Томардай-томардай помидорларды жинап болып қалғанымыз сол еді "шығамын"деп белгі берді. Содан қызанақ теріп жүріп перзентханаға кеттік.
Көп ұзамай Алла маған сендей тәтті қыз сыйлады. Сен көп жасайтын, бақытты қыз боласың! Екі түйіншектен аман шыққан ерекше қыз, батыр қыз келді!” деген дәрігерлердің дауысы әлі құлағымда жаңғырып тұр! Әумин. Аман-сау бөпемді көріп, құшағыма алған сәтте жанарымнан жас тамшылай берді. Бұл жолы қуаныштың жасы еді. Солай қызым, қызғалдағым, қып-қызыл піскен қызанағым”, – деді әнші.