Қарақалпақстанда интернеттегі жазбалары үшін белсенділерді жаппай соттап жатыр
Фото: tmhelsinki.org
Қарақалпақстанда интернетте "тыйым салынған материалдарды" таратушыларға қатысты сот басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tmhelsinki басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Шілденің екінші жартысынан бастап Қарақалпақстан республикасының соттарында Өзбекстан Қылмыстық кодексінің саяси баптары бойынша қозғалған 13 жаңа қылмыстық іс қаралды. Сот отырыстары Нүкісте, Кегейлі, Қоңлыкөл, Мойнақ, Тахиаташ, Тақтакөпір және Шымбай аудандарында өтті (көпшілігі әлі аяқталмаған). Бір іс Шоманайдан Қаңлыкөл аудандық сотына ауыстырылды. Барлық істерде айып тағу Қылмыстық кодекстің 244-1-бабы 3-бөлімі "г" тармағы бойынша (интернет арқылы қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін материалдарды тарату) жүрді. Ал үшеуінде қосымша 156-баптың 2-бөлігі (алауыздық қоздыру) қолданылды.
Бұған қоса, соңғы айда Эликқалалық ауданда осыған дейін басталған бір сот процесі аяқталды. Бір іс апелляциялық, екі іс кассациялық сатыда қаралды. Соңғысына Қазақстаннан экстрадицияланған қарақалпақ белсендісі Ринат Утамбетовтің үкіміне шағым түскен.
2025 жылдың алғашқы алты айында Қарақалпақстан соттарына осы тақырыптағы бар болғаны 17 іс қана түскен. Бұл көрсеткіш соңғы айларда "сепаратистер" мен "экстремистерге" қарсы қылмыстық қудалаудың күшейгенін аңғартады. Көптеген іс 2022 жылғы оқиғаларға, 2023 жылы наразылық жетекшісі Даулетмұрат Тәжімұратовтың сотына және соларға қатысты видеоларға пікір қалдыруға қатысты қозғалып жатыр.
Дастан Ұзақовтың ісі
17 шілдеде Кегейлі аудандық соты 27 жастағы Дастан Ұзақовқа үкім шығарды. Ол "Жылуан жап" мүшесі. Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы 2023 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың наурызына дейінгі аралықта Instagram желісіндегі (1299 жазылушысы бар) парақшасында "сепаратистік сөздерді" қамтыған 8 видео жариялаған.
Сотта ол "кінәсін толық мойындап", роликтерді лайк жинау үшін салғанын айтты. Сондай-ақ мұның қылмыс екенін білмегенін, отбасылық жағдайына байланысты жазасын жеңілдетуді сұрады.
Өзбекстан қарақалпақстандықтарға қазақ халқына гуманитарлық көмек жіберуге тыйым салды
Айта кетейік, Тәжімұратов ісі бойынша процесс ашық деп жарияланды. Ал сот отырыстарының кейбір бейнежазбалары Өзбекстанда тіркелген ақпарат агенттіктерінің бірінде ғана жарияланды.
7 сәуірде Ұзақов Нүкіс қалалық Ішкі істер басқармасына жеткізіліп, телефоны тексерілді. Тергеушілер құрылғыда "сепаратистік, наразылыққа шақырған видеолар мен суреттер бар" деген қорытындыға келді. Телефон тәркіленіп, сараптамадан кейін қылмыстық іс қозғалды. 16 маусымда айыпталушыға 7,5 миллион сум (326 823 теңге) кепіл бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сот шешімі бойынша ол 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Оның телефоны "қылмыс құралы" ретінде тәркіленді.
Нұраддин Қалбаевтың ісі
29 шілдеде Нүкіс қалалық соты тағы бір "сепаратизм ісі" бойынша үкім шығарды. Бұл жолы айыпталушы 19 жастағы медициналық техникум студенті Нұраддин Қалбаев.
Тергеу деректері бойынша, ол 2022 жылдың қыркүйегінде TikTok желісінде мемлекет саясатына наразылық білдіріп, "Қарақалпақстанның тәуелсіздігі жақындап" келе жатқанын айтатын видео жариялаған. Сондай-ақ Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке жағымсыз баға беріп, өзбектерге қатысты қорлайтын пікірлер жазған.
2025 жылдың 7 ақпанында құқық қорғаушылар студенттің телефонын тексеріп, 20 видео мен 7 пікірді тапқан. Сараптама қорытындысынан кейін қылмыстық іс қозғалды. 28 мамырда оған 7,5 млн сум (326 823 теңге) кепіл бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сот Қалбаевты 1 жыл 10 айға бостандығын шектеу жазасына кесті. Осы мерзім ішінде ол құқық қорғау органдарына тұрақты белгіленіп отыруы тиіс. Әлеуметтік желілер мен интернетті қолдануға, тұрғылықты жерін тастап кетуге (оқу және жұмыс сапарынан басқа) тыйым салынды. Сондай-ақ ол қоғамдық шараларға қатыса алмайды. Телефоны тәркіленді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстаннан экстрадицияланған қарақалпақ белсендісі екі жарым жылға сотталғаны туралы жазған едік.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
