Қарағандылық мүгедек жігіт өзіне жиналған ақшаны ауру балаларға берді
26 жастағы Нияз Сундеталиев үш жылдан бері төсекке таңылған. Жігіт төртінші қабаттың терезесінен құлап кетіп, осындай жағдайға душар болған. Бірнеше метр биіктіктен құлағандықтан омыртқасына зақым келген. Дәрігерлер сынған сүйектерді ауыстырғанымен, бұл пайдасын бере қоймады.
Бұл туралы nv.kz сайты хабарлайды.
Тұрақты массаж қабылдап және ине алғанның әсерімен ол басын және саусақтарын қозғалта алатын болды. Оған қараған дәрігерлердің барлығы одан артық емделмейтінін айтқан.
Алайда ол берілмеді. Достары оның әрдайым көңілін көтеріп, ақша жинап, көңілді кештер ұйымдастырып, шетелге емдетуге апарып тұрды. Израилдік дәрігерлер жас жігітті емдеуге 35 мың доллар сұраған.
2014 жылдан бері айтылған қаражат жиналған. Ал Нияз болса, ол ақшаны өзі үшін жұмсамайтынын айтқан.
“Құрметті достар! Бұл шешімге мен ұзақ ойланып барып келдім. Алдағы жылдарда жасалынған операцияның өзі маған көмектеспейді. Ал жиналған қаражат ауру балалардың еміне жұмсалса дұрыс болар еді. Бүгін осылай деп шештім. Барлық жиналған 5 584 504 теңгені Аружан Саинның “Қайырымдылық қорына” аудару; Менде бәрі жақсы. Менің емім өз уақытымен бола жатады. Сіздер мені түсініңіздер. Құрметпен Нияз Сүндеталиев”, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.