Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандылық 100 жастағы қария жүзуден алдына жан салмай келеді

Жасы жүзге бет алған адамның суда балықша жүзгеніне басқа түгіл, ол кісіні бұрыннан білетін жақындары мен таныс­тары да таңдай қағуларын қоймайды. Ақсақалдың жүзумен үзбей шұғылданып жүргеніне он жылдан асыпты.

1496634240_article_b_1500_

Бұл туралы Егемен Қазақстан басылымы хабарлайды.

Бүркіт Есжанов ақсақал күн сайын жаттығумен айналысып, екі сағаттай жаяу жүріп, серуен құрады екен. Майқұдықтағы №77 орта мектептің бассейніне жұмасына екі рет барады. Суға бір сүңгігенде алты жүз метр­дей қашықтықты артқа тастап қайтады. Жаттығудан ешқашан қалған емес, ол өзі тұрақты дағдысына айналған.

Ақсақалдың айтуынша, сергек жүруі мен әлдеқайда жас көрінуі де осы пайдалы әрекеттерінің арқасы екен. Ал жаттықтырушылар болса, бұл кісінің табандылығына дән риза. Осынша жасқа келгенде, денеге күш түсіру тұрмақ, әшейін жүріп-тұрудың өзі мұң болатыны кімге де болсын белгілі жайт емес пе..?

“Мен Бүркіт Есжанұлымен осыдан он жыл бұрын танысып едім, – дейді ардагердің жаттықтырушысы Сергей Кокарев. – Сол кезде оның тірек-қимыл жүйесі едәуір шаршаған сыңайда еді. Өзі әлжуаз көрінді. Бұлшық еттері болбыраған, тамаққа да тәбеті нашар. Біздің бассейнімізді көргеннен кейін келіп, жаттығып тұруға өтініш білдірді. Содан беріде өткен он шақты жыл ішінде, көріп отырғандарыңыздай, бұл адам ғажап өзгерді. Әр жаттыққан сайын шаршаудың орнына, қайта серги түседі. Бұлшық еттері де қатайып, өзін әлдеқайда жақсы сезінетін болды. Далада серуендеу уақытын көбейтіп, суда жүзу қашықтығын біртіндеп ұзарта берді. Кейбір жайсыз ауа райында немесе белсенді түрде шұғылданатын қоғамдық қызметіне қатысты болмаса, жаттығулардың бірде-бірінен себепсіз қалған емес. Ол жастарға ғана емес, барлық адамдарға үлгі болатын тұлға, ол – біздің мақтанышымыз! Ақсақал жатты­ғуларға кейде өзінің ардагер жол­дастарын да ерте келеді. Бәрі қосылып, балаларға өнеге айтады, жол сілтейді”, – дейді ол.

Бүркіт Есжанов соғысқа 1942 жылы он тоғызға енді толған бозбала шағында аттанған. Сол кезде ол Ленинград авиациялық училищесінің курсанты еді. Бастапқыда Мәскеу түбінде бесінші атқыштар дивизиясының құрамында соғысыпты. 1943 жылы Курск түбінде болған шайқастарға да қатысқан. Сол ұрыстарда ауыр жараланып, госпитальға түседі. Қайсар жас көп ұзамай қатарға қосылып, жауынгерлік жорығын жалғас­тырады. Соғыс біткеннен кейін де елге оралмай, Солтүстік-Шығыс Қытай мен Моңғолияны жапон басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысқан. Туған жер, өскен ортасына тек 1948 жылы ғана оралады. Елге келгеннен кейін өз алдына отау тігіп, отбасын құрған. Содан беріде жетпіс жылға жуық уақыт өтіпті.

Бүркіт ақсақал мен Күмісжан әжейдің бауырынан шыққан сегіз баладан үлкен бір әулетті құраған немере-шөберелер өрбіген. Балаларының ортаншысы Бейбіт Есжановты көпшілік былғары қолғаптың айтулы шебері ретінде біледі. Кезінде осы Бейбіт КСРО чемпионатында топ жарып, Әлем кубогы сынының финалында өнер көрсеткен. Бертінде «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубында жаттықтырушы болып қызмет етті.

 

Талқылау