Қарағандыға Головкин мен шетелдік арнаның түсірілім тобы келді
Геннадий Головкин мен оның промоутері Том Леффлер НВО телеарнасының түсірілім тобымен бірге Қарағандыға келді. Олар Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайындағы бокс залында болып, достарымен, қарағандылық спортсүйер қауыммен және жас боксшылармен кездесті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Боксшының ресми өкілі Олег Германның айтуынша, Головкин Қазақстанда жеке шаруамен жүрсе, НВО телеарнасы оның Отанына бағдарлама түсіру үшін келген. Көрсетілім Головкиннің алдағы болатын жекпе-жегіне арналатын көрінеді.
«Қазір біз Астанаға қайтамыз. Геннадийдің енді қашан келетінін дөп басып айта алмаймын. Шаруа көп, Англияға ұшуымыз керек. Геннадий содан кейін қайтып келуі мүмкін. Әзірге баспасөз өкілдерімен кездесу бағдарламамызда жоқ. Қазір біздің уақытымыз тығыз. Келесі жолы Қазақстанға қараша-желтоқсан айларында келуіміз мүмкін. Міне, сол кезде Геннадий баспасөз өкілдерімен міндетті түрде кездесетін болады», – деді Олег Герман.
Айта кетейік, Сауль Альварес орта салмақта WBC титулынан бас тартқаннан кейін, Головкин кәсіпқой бокстағы ең атақты спортшы атанды. Енді оған бір ғана атақты жеңіп алу керек: ол – британиялық Билли Джо Сондерске тиесілі WBO титулы.
Головкин өзінің келесі жекпе-жегін қыркүйек айында өткізуді жоспарлаған. Бірақ оның қарсыласы әзірге белгісіз.