Қарағандыда 7 қызы бар отбасы «Алтын» алқаны ломбардқа да өткізе алмаған
7 қызы бар ерлі-зайыптылар бала-шағасын 14500 теңгеге асырап отыр. Күн көрісі қиын отбасы үйлерін жылыту үшін қысқа толқынды пешті қолданады екен. Бұл – Қарағандыдағы 8 жылдан бері үй кезегінде тұрған жандардың басындағы жағдай,-деп жазды Еуразия Бірінші арнасы.
Сегіз жылдан бері үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасы өлместің күйін кешіп жүр. Бір ғана жәрдемақыға күнелтіп жүрген олар, аядай ғана үйді уақытша паналап отыр. Оның өзіне ай сайын 30 мың теңге төлеп тұрады.
«Қазір кредит бар, 7 қызымды киіндіру, оқуға беру. Мысалы школ да ақша сұрайды. Мені көпбалалы ана демейді. Қиналып кеттік, өмір сүру қиын болды. Біреуінің де қысқы киімі жоқ!» – дейді көпбалалы ана Назгүл Қожахметова.
Тағдыр тауқыметінен әбден қиналған жанұя үй кезегінің тіпті жылжымай жатқанына ашынады. 2009 жылдан бері баяғы жартас, сол жартас дейді. Осылайша, жылдар бой ысарыла тосып келе жатқан үйлері арман күйінде қалады ма деп уайымдауда.
«Кезекте тұрсыз деген қағаз келеді. Екі жылдан кейін қарасаң 2012 ші болып тұрсыз дейді. Сонда 5 жылда 7 адам өте ме? Акиматтың шаруасына таң қаламын вообще!» – дейді көпбалалы әке Абылай Дерипсалдин.
Дүниеге 7 бірдей қызды алып келген Назгүл Қожахметова жоқтықтан өзіне берілген Алтын алқасын да ломбардқа өткізіпті. Алайда, оның өзі таза алтын болмай шығыпты.
«Жанымыз қысылған кезде жанағы Алтын алқасын барып өткіземіз, ол алтын емес болып шықты ғой! Алтын емес! одан кейін үкіметке қалай сенесін?» – дейді көпбалалы әке Абылай Дерипсалдин.
«ҚР тұрғын үй қатынастары заңынан сәйкес, 74-ші бабының 3-ші тармқшасына сәйкес, онда жазылған барлық азаматтар заң алдында тең. Тұрғын үй берілген кезде кезекпен беріледі. Тек қана кезегін алатын жетімдер мен соғыс ардагерлері» – дейді Қала әкімдігі тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Әсет Алдабергенов.
Ал әкімшіліктің бұл уәжіне әбден құлағы үйренген жеті балалы отбасы балаларына ойыншық тұрмақ, мектепке киетін киім мен дәптерін де ала алмай отыр. Тіпті, көмірге ақша болмаған соң үйін микротолқынды пешпен жылытып, амалдап отыр.