Қарағандыда ішкіш көршілерінің кесірінен 10 пәтер жанып кетіп, иелері далада қалды
Қарағанды іргесіндегі Федоровка ауылының 37 тұрғыны бір-ақ сәтте далада қалды.
Түннің бір уағында тұтанған тілсіз жау 10 баспананы шарпып, айналдырған екі сағаттың ішінде күлге айналдырды, деп хабарлайды Евразия бірінші арнасы.
Жұрттың жылдар бойы жинаған дүние-мүлкі де түгел жарамсыз болып қалды. Ал, шиеттей бала-шағасын ерткен тұрғындар жатақхананың тар бөлмелеріне сыймай жатыр. Жұрттың жергілікті билік пен өрт сөндірушілерге деген өкпесі қара қазандай.
Бір түнде баспасының күлге айналған Сәуле Серікова тілшілерді көре сала көз жасына ерік берді. Төрт немересін бағып-қағып отырған егде жастағы әйел енді қайда барып, жан бағатындарын білмейді. Үйлерін қызыл жалын тып-типыл еткеннен кейін, жергілікті билік тұрғындарды жатақханаға көшірген. Бірақ…
Ал он отбасының бір-ақ сәтте дымсыз қалғанына арақтан аузы құрғамайтын көршілері кінәлі екен. Қуықтай бөлмеде күн сайын сауық-сайран құрудан қолы босамайтын жанұя, көңілді отырыстардың бірінде пәтерін өртеп алған. Қас пен көздің арасында тұтанған тілсіз жау өзге баспаналарға тарап кетіпті. Алапат жалыннан абдырап қалған тұрғындар түн ортасында жартылай жалаңаш далаға атып шыққан.
«Мен іш киіміммен далаға атып шықтым. Қазір үстімдегі футболка мен бәтеңкемнен басқа ештеңем қалмады. Ал шалбарды көршілерім берді. Бар дүние-мүлкім жанып кетті» – Федоровка кентінің тұрғыны Жангелді Айқымбаев.
Қызыл жалыннан бет-аузы күйген ер адам облыстық ауруханада жатыр. Тұрғындардың сөзінше, зардап шегушінің қос жанарын күйік шалған. Айдың-күннің аманында үйсіздердің қатарынан қосылған Толқын Зелғарина өрт сөндірушілерге өкпелі. Айтуынша, төтенше жағдай мамандары еденнен көтерілген отты шатырға дейін жеткізбей сөндірудің орнынан, «бізге су шашуға рұқсат берілген жоқ» деп қасқайып тұрып алған.
Ал Қарағанды облысының тТөтенше жағдайлар департаментіндегілер тілсіз жауды 2 жарым сағатта ауыздықтадық деп отыр. Үйдің ағаштан жасалған шатыры тез тұтанып, бөлменің ортасына түскендіктен, отты бірден сөндіру мүмкін болмапты.
«Өрт шарпыған аумақ 500 шаршы метр. Тұрмыстық заттар, жиһаз, шатыр бірден жанып кеткен. Тілсіз жаудың себеп-салдары анықталып жатыр» – облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Айдана Жүніс.
Ал Федеровка ауылы қарайтын Қазыбек биі аудандық әкімдігіндегілер зардап шеккен отбасыларға тек өрттен қалған үйдің үйінділерін шығаруға ғана көмек береміз деп отыр.
«Заңнамаға сәйкес, үй өртенген тұрғындарға тікелей көмек көрсету мүмкін емес. Себебі, бұл нысан коммуналдық шаруашылық меншігіне кірмейді. Біз қазір қоғамдық қор, ірі кәсіпкерлермен тұрғындарға демеушілік көрсету бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз» – Қазыбек би ауданы әкімінің міндетін атқарушы Вадим Гормаков.
Әкімдіктің мұндай жауабынан соң дымсыз қалған тұрғындар көпшіліктен көмек сұрайды. Үйсіз қалғандар құрылыс материалдары мен киім-кешек жағынан қолғабыс жасалса дейді.
Тағы да оқыңыз:
Алматы маңында «Алтын алқа» иегері сегіз баласымен далада түнеп жүр (фото)
Тұрғындар 7 жасар баланы зорлап жатқан педофилді өлтіріп қоя жаздады (видео)
Елбасы Астананың көрнекті жерлерін аралап, халықпен тілдесті (фото)